Сауда айналымы 108 млн доллар: Қазақстан Сербияға қандай тауар сатады

2025 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында Қазақстан мен Сербия арасындағы өзара тауар айналымы 107,7 млн АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,6%-ға жоғарылап, екі ел арасындағы сауда байланыстарының нығайып келе жатқанын айғақтайды.
Қазақстаннан Сербияға бағытталған экспорттың 80,4%-ға шұғыл өсіп, 28,6 млн долларға жеткен.
Отандық өнімдердің сыртқы нарыққа шығу қарқынының артуы есебінен сауда балансы едәуір жақсарып, теріс айырмашылық 68,3 млн доллардан 50,4 млн долларға дейін қысқарды.
Сербия Қазақстаннан не сатып алады
Қазақстандық экспорттың өсіміне негізінен өңдеу және химия өнеркәсібі өнімдерінің сұранысқа ие болуы тікелей әсер етті.
Мәселен, минералды аралас тыңайтқыштарды жеткізу көлемі 2,2 есеге артып, 20,3 млн долларды құрады, бұл – бүкіл экспорттың 71%-ын иеленетін негізгі көрсеткіш.
Сонымен қатар, тоқыма материалдарынан жасалған қапшықтар мен пакеттер саудасы 3,3 есеге, ал мақта (вата) экспорты 2,4 есеге өсті.
Биылғы жылдың тағы бір ерекшелігі — тауар номенклатурасының кеңеюі. Атап айтқанда, Сербия нарығына бұрын жіберілмеген табиғи газ, балық филесі мен фаршы, сондай-ақ сұйықтықтар мен газдарды сүзуге арналған жабдықтар алғаш рет экспортталды.
Сонымен қатар полимерлер, машина бөліктері және желімделген фанера өнімдері де экспорттық себеттің маңызды бөлігіне айналды.
Сербиядан экспорт азайды
Ал импорт саласына келетін болсақ, Сербиядан Қазақстанға келетін тауарлар көлемі 6,1%-ға төмендеп, 79,1 млн доллар деңгейінде қалыптасты.
Оған алюминий профильдері мен пруттары (93%-ға), шыныдан жасалған оқшаулағыш бұйымдар(93,1%-ға) және металл құрастырмалардың азаюы себеп.
Сондай-ақ темекі өнімдері мен өнеркәсіптік пештерді әкелу көрсеткіштері де айтарлықтай қысқарды.
Дегенмен, Сербиядан әлі де қағаз, картон және целлюлоза талшықтарынан жасалған өнімдер тұрақты импортталады. Олардың жалпы үлесі 18,3 млн долларды немесе импорттың 23,1%-ын құрайды.
Бұдан бөлек, алюминий тақталар мен таспалар (15,3%), бөлшек саудаға арналған дәрі-дәрмек(11,8%), күнбағыс тұқымдары (2,9%) және жуғыш заттар мен сұйықтық сорғылары Қазақстан нарығына жеткізілетін негізгі сербиялық тауарлар тізімінде қалып отыр.