
Қазақстанның Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов Қарағанды облысында құлаған әскери Су-30СМ жойғыш ұшағы жайлы сұраққа жауап берді.
Ақорда кулуарында журналистерге берген жауабында Қосанов Су ұшақтарының бәрі жаңа екенін, апатқа ұшырағандардың бірі сол жаңа ұшақ болғанын айтады. «Ұшақтың құлауына кім кінәлі?» деген сұраққа министр «қателік болған жоқ, қазір комиссия тергеу жүргізіп жатыр, нәтижесі кейін жарияланады» деп жауап берді.
«Ол 2022 жылы сатып әкелінген, Ресейде жасалған жойғыш ұшақ. Әуеде 230 сағат ұшқан. Ең бастысы, ұшқыш дін-аман», – деді ол.
25 ақпан күні Қарағанды облысында жоспарлы оқу-жаттығу ұшулары барысында Су-30СМ жойғыш ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақ экипажы дер кезінде секіріп үлгерген. Ұшқыштар дін аман, олардың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ.
Ұшақ құлаған кезде тұрғындар мен инфрақұрылым нысандарына еш қауіп келтірмеген.
Оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің арнайы комиссиясы құрылған. Комиссияны ұшу қауіпсіздігі жөніндегі департамент басқарады.