
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Америка Құрама Штаттарының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Джули Стаффтты қабылдады.
Кездесу барысында президент Қазақстан мен АҚШ арасындағы жоғары деңгейдегі қарқынды саяси диалогтың екіжақты және көпжақты форматтағы сан қырлы ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосып келе жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ, тараптар сауда-экономика және инвестиция салаларындағы маңызды уағдаластықтарды іске асыру барысын талқылады. Нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін екі елдің салалық ведомстволары деңгейінде тығыз өзара іс-қимылды жалғастыру қажеттігі айтылды.
Бұдан бөлек, әңгіме барысында Бейбітшілік кеңесі аясындағы ықпалдастық мәселелері қарастырылды. АҚШ елшісі аталған ұйымның ізгі мақсаттарын ілгерілетуге белсене атсалысқаны үшін Қазақстан тарапына ризашылығын білдірді.
19 ақпанда АҚШ-та өткен Бейбітшілік кеңесінің инаугурациялық отырысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі.