
Қазақстанның мұнай-газ секторында қазақ бизнесіне қолдау көрсету саясаты нәтиже беріп жатыр. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің мәлімдеуінше, 2025 жылы жер қойнауын пайдаланушылар тапсырысында отандық қамту үлесі 65%-ға жетті.
17 ақпанда энергетика министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында Ерлан Ақкенженов баяндама жасады. Министрдің айтуынша, былтыр жер қойнауын пайдаланушылар қазақстандық компанияларға 3 трлн теңге көлемінде тапсырыс берді. 65%-дық көрсеткіш – локализация және ішкі өндірісті дамыту бағытындағы саясаттың елеулі жетістігі.
Қазір көмірсутектекті барлау және өндіру бойынша 321, ал көмір өндірісінде 36 келісімшарт бар. 2025 жылы мұнай мен газға бай жер қойнауын пайдалану құқығын беру аукционында алты учаске сатылып, мемлекетке 1,2 млрд теңге бонус түсті. Сонымен бірге геологиялық барлауға 45,5 млн доллар инвестиция тартылды.
Министрдің мәліметінше, 2022–2025 жылдар аралығында халықаралық инвесторлармен және жабдық өндірушілермен 25 келісім жасалып, 48 жергілікті кейс дайындалды. Оның тоғызы өндіріске сәтті енгізілді.
Әлемнің ірі компаниялармен бірлескен жұмыстар жалғасты: Chemelex (АҚШ), John Crane (АҚШ), Hi Air Korea (Корея), Baker Hughes (АҚШ), SLB (АҚШ), Siemens (Германия), Swagelok (АҚШ) және басқалары Қазақстанда жаңа өндірістерді локализациялауға қатысып жатыр.
Қазақ бизнесіне басымдық беру саясаты қатаң бақылаумен бірге жүргізілетіні аңғарылады. 2025 жылы келісімшарттағы міндеттемелердің орындалу барысы тексеріліп, 167 хабарлама жолданған. Олар бойынша 17 млрд теңге көлемінде заң бұзушылық анықталған. Оның 4 млрд теңгесі өндірілді. 18 келісімшарт бұзылып, олар электрондық аукцион немесе тікелей келіссөздер арқылы қайта ұсынылады.
2026 жылы кемі екі электрондық аукцион өткізу және міндеттемелерін орындамаған келісімшарттарға ревизия жүргізу жоспарланып отыр.
Осылайша, Қазақстан мұнай-газ саласындағы табыстарды шетел инвесторларына ғана емес, қазақ бизнесі мен экономикаға бағыттап отыр. Соның арқасында миллиардтаған теңге ел ішінде қалып, жергілікті кәсіпкерлер өседі.
Айта кетейік, 2024 жылы жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуында отандық қамту үлесі 61,9% болған.