
Ақордада журналистердің сұрағына жауап берген «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Нұрлан Жақыпов 650 адамды жұмыстан қысқартатынын мәлім етті.
«Астана қаласында «Самұрық-Қазына» қорындағы қызметкерлер саны 6500 адамды құрайды. Сондықтан 650 адамды қысқартамыз», – деді Жақыпов.
Жақыповтың айтуынша, оңтайландыру шаралары тек әкімшілік-басқару блогында болады. Ал өндірістік сала қызметкерлеріне мұның қатысы жоқ. Сөзінше, қысқарту наурыз айының соңына дейін заң талаптарына сай жүргізіледі.
Сондай-ақ ол қор ішінде «кофе мәселесіне қатысты әңгімелер» жүргізілгенін атап өтті.
Еске салсақ, жақында Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық компаниялардың басшыларымен қатаң әңгіме өткізгенін айтып, олардың құрылымы мен жұмыс тәсілін қайта қарау қажет екенін ескерткен болатын.