Shell компаниясы Қазақстаннан кетпейді — Ақкенженов

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Shell ағылшын компаниясы
Қазақстанның мұнай саласына салынған инвестиция еселеп қайтады, дейді министр Ақкенженов / фото: shutterstock

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Shell мұнай компаниясы Қазақстанға инвестиция салуды доғарады деген мәліметті жоққа шығарды.

Қазақстаннан ешкім кетпейді

Бұған дейін Shell компаниясының бас директоры Ваэль Саван компания Қазақстанға инвестиция құюды уақытша тоқтатады деп мәлімдеген. 27 ақпанда Ақордада журналистермен тілдескен министр Ерлан Ақкенженов ағылшын компаниясы төңірегіндегі жағдайды түсіндірді.

«Біз компанияға сауал жолдадық. Өткен аптада Shell өкілі Сьюзен Куган бізге жағдайды түсіндіріп, БАҚ компания басшысының сөзін дұрыс түсінбегенін айтты. Шын мәнінде Shell Қазақстанда әрі қарай дамығысы келеді. Мәселен, қазір газ өндіру үшін бір кен орнын қарастырып жатыр», – дейді қазақ министрі.

Ақкенженов ағылшын компаниясының ресми жауабын күтіп отырғанын ескертіп өтті. Министр Shell компаниясының нақты қай кен орнында газ өндіруді жоспарлағанын айтпады. Бірақ ол Қашағандағы мұнайды игерудің екінші кезеңі неге басталмай жатқанын түсіндіріп өтті.

«Қашаған өндірісі күрделі кен орнына жатады. Мұнда жер қыртысының қысымы жоғары, шикізат құрамында көмірсутек және басқа да зиянды қоспалар көп», – дейді ол.

Инвестиция еселеп қайтады

Ақкенженов Shell ғана емес, басқа да ірі мұнай алпауыттары Қазақстаннан кетпейді деп отыр.

«Қазақстан Shell немесе консорциумның басқа да мүшелері кетеді деп есептемейді. Жыл сайын салынатын инвестиция еселеп қайтады. Қаражатты қайтаруда мәселе жоқ. Оның Қазақстанда жұмыс істейтін басқа да мердігерлерге қатысы бар», – деп мәлімдеді министр.

Естеріңізге сала кетейік, ақпан айының басында Shell басшысы сот арқылы миллиардтар өндіріп алуға ұмтылған қазақ үкіметіне ренжіген.

«Бұл, әлбетте, біздің Қазақстанға әрі қарай инвестиция құю ниетімізге кері әсер етеді. Осының арты неге әкеп соғатынын білмейінше, қаражат салуды тоқтата тұрамыз», – деп мәлімдеген сол кезде Саван.

Қазақстан Батыс елдерінің ірі мұнай компанияларының үстінен шағымданып, халықаралық төрешілерге жүгініп жүр. Жақында Қарашығанақ мұнай кенін игерушілер қазақ үкіметінен сотта жеңіліп қалған. Төреші оларға 4 млрд доллар төлеуді міндеттеуі мүмкін. Қазір Қашаған акционерлеріне қатысты дәл осыған ұқсас шағым қаралып жатыр. Бұл жолы үкімет 160 млрд доллар талап етіп отыр. Қазақ үкіметі осы соттарда Назарбаев дәуіріндегі жемқорлықты басты уәж ретінде қолданды.

«Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» консорциумы акционерлерінің құрамында Shell (29,25%), Eni (29,25%), Chevron (18%), «Лукойл» (13,5%) және «ҚазМұнайГаз» (10%) бар. Оларға қатысты шағымды Лондондағы халықаралық төрелік соты 2026 жылғы қаңтардың аяғында шығарған. Батыс компаниялары сот шешіміне арызданған.

Сондай-ақ оқыңыз