Шучинскідегі жарылыстан зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды

Ақмола облысы Шучинск қаласындағы дәмханада жарылыстан кейін барлығы 26 адам зардап шеккен. Қазір 13 адам ауруханада жатыр деп хабарлайды облыстық денсаулық сақтау басқармасынан.
7 адам қайтыс болды, оның бесеуі оқиға орнында, екеуі жан сақтау бөлімінде көз жұмды. Араларында он алты жастағы бойжеткен бар.
«Щучинск қаласының стационарына әртүрлі дәрежедегі күйік жарақаттарымен 13 науқас түсті. Қазіргі уақытта олардың алтауын Көкшетау қаласындағы көпбейінді облыстық ауруханаға ауыстыруға дайындық жүріп жатыр. Шұғыл медициналық көмек көрсету үшін облыс орталығынан білікті мамандар тартылды, қосымша үш анестезиолог-реаниматологтар бригадасы келді. Барлық қажетті дәрі-дәрмектер қоры жеткілікті. Пациенттердің жағдайын тұрақтандыру үшін медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр», – деп жазылған басқарма мәлімдемесінде.
Алты зардап шеккен адам тексеруден өтіп, қажетті медициналық көмек көрсетілгеннен кейін амбулаториялық емделуге жіберілді. Дәрігерлер сөзінше, негізінен науқаста әртүрлі дәрежедегі термикалық күйікке шалдыққан. Олардың жағдайы мамандардың тұрақты бақылауында.
Айта кетейік, 26 ақпанда түнде Ақмола облысы Бурабай ауданына қарасты Щучинск қаласында дәмханада жарылыс болды. Қазір мамандар жарылыс себебін анықтап жатыр. Әкімдік қаза болғандар мен зардап шеккендердің отбасына көмек көрсететінін мәлімдеді.