
74 жастағы қала тұрғыны аса қауіпті сібір жарасын жұқтырып алды. Ақпаратты Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы растады.
Басқарманың дерегінше, науқас 17 ақпан күні қалалық инфекциялық ауруханаға жатқызылған. Алайда аталған жайт туралы енді белгілі болып отыр.
«Науқас стационарға түскен сәттен бастап толық көлемде тексеруден өткізіліп, қажетті зертханалық және аспаптық зерттеулер тағайындалды. Зерттеу нәтижелері бойынша инфекциялық ауру диагнозы расталды. Қазіргі таңда емдеу бекітілген клиникалық хаттамаға сәйкес жүргізілуде. Науқастың жағдайы дәрігерлердің тұрақты бақылауында» делінген қалалық денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.
Кәсіпкер мал сою бекетіне кіргізбеген
Аса қауіпті жұқпалы ауру мал етінен тараған болуы мүмкін. Сібір жарасы анықталғанына 5 күн өткенде Түркістан облысы Сайрам аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының прокуратураға жазған хаты тарады. Ресми хатқа қарағанда, 31 қаңтар күні арнайы мамандар зерделеу барысында 6 ірі қара малдың еті Қарабұлақ ауылынан «Айна» базарына жеткізілгені анықталған. Індеттің одан әрі таралуының алдын алу мақсатында мамандар барғанымен мал сою бекетіне кәсіпкер кіргізбеген.
«Жоғарыдағы жағдайды ескере келе, аса қауіпті жұқпалы аурудың жаппай таралуын алдын алу мақсатында эпидемияға қарсы іс шаралардың өз деңгейінде жүргізілуіне ықпал етуіңізді сұралады», – делінген құжатта.
Құжатқа Сайрам аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мұхит Бейсенбаев қол қойған.
Дегенмен инфекцияның жаппай таралуына жол бермеу үшін індетке қарсы іс-шаралар толыққанды жүргізілді ме, жоқ па әзірге белгісіз.
Бұған дейін, елде жыл басынан бері бес адам коронавирус жұқтырғаны хабарланған.