Жаңалықтар

Тоқаев Ақордада Сербия президенті Александр Вучичті қарсы алды

фото: Ақорда

Бүгін Тоқаев Сербия президенті Александр Вучичті қабылдады. Қос президенттің кездесуіне орай Ақордада салтанатты рәсім өтті.

Арнайы шаралар өткен соң Қазақстан мен Сербия президенттері келіссөз залына барды.

«Астана мен Белград арасында тікелей әуе рейсі ашылды. Сауда қатынастарымыз табысты дамып келеді. Қазақстанда 60-тан аса сербиялық компания жемісті еңбек етіп жатыр. Негізгі халықаралық мәселелер бойынша ұстанымдарымыз ортақ. Сондықтан екі ел арасындағы ынтымақтастықтың берік әрі тиімді іргетасы қаланды деп ойлаймын. Сіздің сапарыңыз достық қарым-қатынасымызға тың серпін беру тұрғысынан өте маңызды екеніне сенімдімін», – деп атап өтті Тоқаев

Өз кезегінде Вучич қонақжайлық үшін алғыс айтты.

«Қазақстанға ресми сапармен келгеніме қуаныштымын. Қонақжайлық танытқаныңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Сіздің пікіріңізбен толық келісемін, елдеріміз арасында шынайы стратегиялық қарым-қатынас орнаған. Сіздің қолдауыңыздың арқасында сауда-экономикалық байланыстарымыз жоғары қарқынмен дамып келеді. Алдағы уақытта жасанды интеллект, ақпараттық технологиялар мен энергетика салаларында ықпалдастық орнату арқылы достығымыз жаңа деңгейге көтеріледі деп ойлаймын», – деді ол.

Александр Вучичтің ұшағы кеше Астана әуежайына қонған еді. Оны премьер-министр Олжас Бектенов күтіп алды.