Тоқаев Сербия президентіне «Алтын Қыран» орденін табыстады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Президент Вучичті еліміздің ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденімен марапаттады/фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Сербия президентін «Алтын Қыран» орденімен марапаттады. Ақорданың хабарлауынша, Тоқаев Александр Вучичті халық қолдауына арқа сүйеп, елін алға бастап келе жатқан нағыз көшбасшы, беделді саясаткер деп санайтынын жеткізген.

«Сербия – Қазақстанның Балқан түбегіндегі сенімді серіктесі. Екі елдің қарым-қатынасы өзара қолдауға, түсіністік пен мызғымас достыққа негізделген. Барлық деңгейде белсенді саяси диалог дамып келе жатыр. Сауда-экономика, инвестиция және мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық нығайып келеді. Көпжақты құрылымдар аясындағы байланысымыз күшейе түсті. Қазіргідей алмағайып кезеңде өзара әріптестікті жандандыру өте маңызды», – деген Тоқаев.

Сондықтан Қазақстан түрлі саладағы ықпалдастықты дамытуға мүдделі.

Кездесу барысында президент Қазақстан мен Сербия арасындағы байланысты нығайтуға өлшеусіз үлес қосқаны үшін Александр Вучичті еліміздің ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденімен марапаттады.

«Бұл – қазақ жұртының сізге және Сербия халқына деген зор ризашылығы және ерекше құрметінің белгісі. Өзіңізді шын жүректен құттықтаймын! Осы марапат екі елдің қарым-қатынасын одан әрі дамытуға ықпал етеріне кәміл сенемін. Қос халықтың достығы жасай берсін!», – деді мемлекет басшысы.

Сербия президенті мұндай марапатты иелену зор мәртебе екенін айтты.

Айта кетейік, 2025 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында Қазақстан мен Сербия арасындағы өзара тауар айналымы 107,7 млн АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,6%-ға жоғарылаған.

Сондай-ақ оқыңыз