Жаңалықтар

Түркістан қытай турисін Димаш пен WeChat көмегімен тартады

Түркістан облысы қытай туристерін көбірек тартуды көздейді
Димаш Құдайберген қытай аудиториясына арналған тележобасын Түркістанда түсірген / фото: ЖИ көмегімен дайындалған сурет

Түркістан облысы қытай туристеріне тартымды өңірге айналуға ұмтылады. Жергілікті билік Аспан асты елінің азаматтарын көбірек тарту мақсатында WeChat алаңын қолданады. Бұл ретте әнші Димаш Құдайбергенге зор үміт артылып отыр.

Жарты миллион турист

Өңір әкімдігінің мәліметінше, 2025 жылы Түркістан облысына 500 мыңнан астам турист келді. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 16%-ға көп.

Шетел қонақтарының басым бөлігі Өзбекстан, Түркия, Ресей, Қытай және Қырғызстан елдерінен келген.

«Түркістанға келген турист қазақтың тарихынан, мәдениетінен, руханиятынан мағлұмат алуға тиіс. Бұл ретте білікті гидтер әзірлеудің маңызы зор», – деп есептейді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.

Әкімдіктегі жиналыста туризм саласына құйылған инвестиция көлемі 133 млрд теңгеге (67,9% өсім) жеткені айтылды. Туристерге қызмет көрсету айналымы 8 млрд теңге болды.

Түркістан және Шымкент әуежайлары арқылы әуе қатынастары кеңейіп жатыр. Қазір мұнда аптасына 147 рейс орындалады.

Amazing Turkistan және Қытай

Өңір Қытай, Түркия, Өзбекстан, Ресей, Әзербайжан, Моңғолия, араб елдері, Еуропа мен Малайзия нарықтарына шығуды көздейді. Бұл ретте әлеуметтік желілерде белсенді ақпараттық жұмыс жүргізіледі.

«Әсіресе, Қытай нарығына бағытталған WeChat платформасында арнайы контент әзірленіп, алғашқы кезеңде кемінде 50 мың аудиторияны қамту көзделіп отыр», – деп таратты облыс әкімдігі.

Бұған қоса, Түркістан билігі әнші Димаш Құдайбергеннің «Voice Beyond Horizon» тележобасы өңірде түсіріліп, халықаралық аудиторияға ұсынылғанын атап өтті.

«Бұл жоба Түркістанның туристік тартымдылығын жаһандық деңгейде танытуға мүмкіндік берді», – деп есептейді облыс әкімдігі.

2025 жылы жергілікті билік 113 шетелдік туркомпанияға, 23 тревел-блогерге және 11 шетелдік БАҚ өкіліне ақпараттық тур ұйымдастырған.

Бұған дейін Kursiv.Media Алматы қаласында қытай турисі көбейгені туралы жазған.