Жаңалықтар

Украинаға қарсы 2 мыңға жуық қазақстандық соғысып жүргені хабарланды

Өзбекстан Орталық Азия елдері арасында Ресей жалдаған жалдамалылар саны бойынша көш бастап тұр / Фото: ВВС
Өзбекстан Орталық Азия елдері арасында Ресей жалдаған жалдамалылар саны бойынша көш бастап тұр / Фото: ВВС

Украинаға қарсы 2 мыңға жуық қазақстандық соғысып жүр. Ресейдің қорғаныс министрлігімен осынша адам келісімшартқа отырған.   

Бұл туралы «Просто журналистика» жобасына берген сұхбатында Украинаның «Хочу жить» мемлекеттік жобасының үйлестірушісі Тамара Курушкина мәлімдеді.

Десе де, Өзбекстан Орталық Азия елдері арасында Ресей жалдаған жалдамалылар саны бойынша көш бастап тұр.

Соғыс басталғалы бері Өзбекстанның 4 000-нан астам азаматы тартылған.

Курушкинаның айтуынша, Ресейдің Қорғаныс министрлігімен келісімшартқа 4000-нан астам Өзбекстан азаматы, 3000-нан астам Тәжікстан азаматы және 2000-нан астам Қазақстан азаматы қол қойған.

Алайда, Украинаға қарсы соғысқа қатысып жатқан Орталық Азия елдерінен шыққан адамдардың нақты саны бірнеше есе көп болуы мүмкін.

«Көп жағдайда Орталық Азия елдерінен шыққан азаматтар Ресей азаматтығын алғаннан кейін келісімшартқа отырады. Бірақ олардың өз елінің алғашқы паспорты сақталады. Яғни іс жүзінде олар қос азаматтыққа ие. Алайда құжат жүзінде Ресей Федерациясының азаматы болып есептеледі. Біз тек расталған деректерді ғана айтып отырмыз. Негізінде мұндай адамдар әлдеқайда көп болуы мүмкін», – деді Тамара Курушкина.

Десе де, соғыс жағдайында бұндай ақпараттың растығын анықтау қиын. KursivMedia аталған ақпаратқа қатысты құзырлы органдарға ресми сауал жолдайды,

Айта кететін жайт, БҰҰ Бас Ассамблеясы Ресейдің Украинаға басып кіруінің төрт жылдығына орай «Украинадағы берік бейбітшілікті қолдау» атты қарар қабылдады.