
Жұмыссыз қалған адамдар жоғалған кірістің 45%-ына дейін міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем ала алады.
Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылған жұмыскерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алады. Төлем жоғалған кірістің 45%-ына дейінгі мөлшерде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты есебінен жүзеге асырылады», – делінген ақпаратта.
Төлем қалай тағайындалады
Төлем тағайындау үшін жұмыстан босатылған жұмыскерге:
– eGov.kz порталында авторизациялану;
– «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдау;
– онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық жолдарды толтыру және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінімді жіберу қажет;
– бір күн ішінде тұрғылықты жеріңіздегі мансап орталығы (бұдан әрі – МО) бос жұмыс орындарын ұсынады;
– егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде қашықтықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі (қажет болған жағдайда сізге МО қызметкері қосымша ақпарат жинау үшін хабарласады);
Онлайн режимінде қалай алуға болады
Бұл қызметті онлайн режимінде Электрондық еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да алуға болады.
Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы мәліметтер болған кезде Еңбекминінің ақпараттық жүйесі проактивті форматта МӘСҚ-дан төлемді тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісу үшін мобильді телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады.
МӘСҚ қаражаты есебінен жұмыстан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себептеріне қарамастан төленеді және жұмыссыз адамды ол жұмыс іздеген кезеңде қолдауға арналған.
2026 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алушылардың саны 127,1 мың адамды құрады. Бұл ретте биыл 25,6 мың адамға төлем алғаш рет тағайындалды. Төлемдердің жалпы сомасы 11,9 млрд теңге болды.
Айта кететін жайт, Қазақстанда алдағы жылдары жұмыссыздық артуы мүмкін.