1 наурыз – Алғыс күні: бұл мерекенің шығу төркіні қандай

Шұғылалы көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін мереке – Алғыс айту күні. Тағдыры қазақ жерінде тоғысып, қазақ халқынан үлкен мейірім көрген бүкіл этностың алғыс айтатын күні бұл. 2016 жылдан бері 1 наурызда атап өтіп келе жатқан бұл мерекенің шығу төркіні мен басқа елдердің осы іспеттес айрықша күндері туралы шолы дайындадық.
Алғыс айту күні қалай пайда болды?
Қазақстанда Алғыс айту күні дәстүрлі түрде 1 наурызда атап өтіледі. Алғаш рет 2016 жылы бекітілгенін ескерсек, бұл мерекеге он жылдан астам уақыт болды деген сөз. Осы уақыт ішінде бұл айтулы күн этностардың қазақ халқына рахмет айтатын күні болып қана шектелмей, жұртшылықтың бір-бірінің барына алғыс айтатын мерекесіне айналып келеді.
2016 жылы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1 наурыз – Алғыс айту күні деп бекітілді. Осылайша бұл мереке Қазақстанның кейінгі бір ғасырда бастан өткерген тарихи оқиғаларының көрінісіне айналды. Ал енді сол оқиғаларды шолып шықсақ:
- Патшалық Ресейдің қоныс аудару саясаты аясында Ресей мен Украина ауылдарындағы жерсіз шаруалар Орта Азияға көшірілді.
- ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы ашаршылық пен жұқпалы аурулар 1,5 миллион қазақтың өмірін жалмады.
- Сол кезеңде, ұжымдастыру жылдары Қазақстанға 250 мыңға жуық тәркіленген (кулак атанған) шаруа жер аударылды.
- Өнеркәсіптік кәсіпорындар салу үшін басқа одақтас республикалардан 1 миллионнан астам жұмысшы келді.
- 1937–1944 жылдары Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен 5 миллионнан астам адам күштеп қоныс аударылды.
- 1950-жылдары тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны кезінде Қазақстан тағы бір қоныс аударушылар толқынын қабылдады.
Қазақстанға өз еркімен келгендерді де, еріксіз айдалғандарды да қазақ халқы құшақ жая қарсы алды. Осы қазақ жерінен пана тапты. Бірақ басқа ұлт өкілдері жерімізге көптеп келгенінің кесірінен қазақтардың үлесі азая бастағанын да атап өту керек. Бірақ кейіннен 1980-жылдардың соңына қарай тарихи отанына оралған қандастарымыздың арқасында жағдай қайтадан қалыпқа келе бастаған еді.
Қазақтардың мейіріміне шомылған өзге ұлт өкілдері осылайша Отанымызды шынайы жақсы көріп, шексіз риза болды. Бүгінгі таңда халқымыздың құрамында орыс, өзбек, ұйғыр, украин, татар және басқа да этнос өкілдері бар. Қазір Қазақстанда 17 түрлі дін ұстанатын 130 этнос тұрып жатыр.
Неге Алғыс күні 1 наурызда тойланады?
Міне, алғыс айту күнінің мәні – осында. Яғни кезінде көрсеткен қамқорлық, қонақжайлық пен бауырластық үшін өзге ұлт өкілдерінің қазақтарға білдіретін алғысы. Мемлекеттік саясаттың көздегені осы еді. Ал неге 1 наурыз таңдалғанына келсек, 1995 жылы 1 наурыз күні Қазақстан халқы ассамблеясы құрылды. Осылайша Алғыс айту күні де осы датаның төңірегіне топтастырылды.
Қазақстанда Алғыс айту күні қалай тойланады?
Пайда болғанына он шақты жыл болған бұл мереке жыл өткен сайын ауқымын кеңейтіп келеді. Іргетасы енді бекіт жатса да, халық арасында оң пікір алған. Бұл күні Қазақстанның түкпір-түкпірінде түрлі концерт, көрме, жарыс өтеді. Әсіресе, өнер, мәдениет, білім беру мекемелерінде, кітапханаларда өтетін іс-шара аз емес. Сондай-ақ, әр аймақтағы Достық үйлерінде де осы күнге арналған іс-шаралар ұйымдастырылады.
Өзге елдердегі Алғыс күндері
Мұндай мереке Қазақстанда ғана емес, басқа елдерде де бар. Қысқаша шолу жасайық.
АҚШ – Thanksgiving Day
Қарашаның төртінші бейсенбісінде тойланады. XVII ғасырдағы алғашқы ағылшын қоныстанушылары мен жергілікті үндістердің тарихымен байланысты пайда болған. Алғыс күнінде америкалықтар күркетауық пісіріп, асқабақтан бәліш жасайды. Елдегі ең маңызды мерекелердің бірі.
Канада – Thanksgiving
Қазанның екінші дүйсенбісінде тойланады. Егіннен мол өнім алғаны үшін алғыс айту керек деген мағынада пайда болған. Дәстүрі америкалықтардыкіне ұқсайды – бүкіл отбасы дастархан басында жиналып, асқабақ бәліші пен күркетауық етін жейді.
Жапония – Еңбекке алғыс айту күні
Мереке Kinrō Kansha no Hi деп аталады. Жыл сайын 23 қарашада тойланады. Еңбекке құрмет, жұмысшыларға алғыс айту үшін пайда болған.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін шешен ұлтының өкілі қазақтарға алғыс білдіру үшін 3 мың шақырым жер жүріп келгені туралы жазған едік.