Ирандағы ахуал: Қазақстандағы бүкіл күш құрылым тәуліктік жұмыс кестесіне көшті

Ирандағы жағдайдың ушығуына байланысты Қазақстандағы барлық күш құрылымы тәуліктік жұмыс кестесіне ауыстырылды. Бұл жөнінде Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров мәлімдеді.
Айбек Смадияровтың мәлімдеуінше, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетовке күштік құрылымдар мен салалық министрліктердің жетекшілерімен бірге Ирандағы ахуалдың ушығуына және еліміздегі тұрақтылыққа қатер төндіру ықтималдығына байланысты шұғыл шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен барлық күштік құрылымдар тәуліктік жұмыс кестесіне көшірілді. Үкіметте Сыртқы істер министрлігі жетекшілік жасайтын арнайы мониторинг тобы жұмысқа кірісті. Өңір әкімдеріне Таяу Шығыста болып жатқан жағдайды ескере отырып, шешім қабылдау тапсырылды», – деп хабарлады Смадияров.
Бұған дейін Сыртқы істер министрлігі Иранда Қазақстанның 96 азаматы жүргенін хабарлады.
Еске сала кетейік, бүгін Израиль Иранға қарсы соққы жасағанын елдің қорғаныс министрі Исраэль Кац хабарлады. Осыдан кейін Трамп АҚШ-тың Иранға соғыс жариялауын ресми мәлімдеді.
Ирандағы ахуалдан кейін Air Astana Таяу Шығысқа рейстерді шұғыл тоқтатқанын хабарлады.
Енді Бахрейн мен Катардағы АҚШ әскери базаларына Иран соққы жасап жатыр. CNN хабарлауынша, Иран әуелі Бахрейндегі америкалық базаға зымырандық соққы жасаған. Ақпарат Иранның жартылай ресми Fars News Agency агенттігіне сілтеме жасап таратылды. Ал Катар билігінің өкілі ел аумағы үстінде Иранның екі зымыраны атып түсірілгенін мәлімдеді.