Әлемнің 10-нан аса мемлекеті өз азаматтарын Ираннан шұғыл кетуге шақырды

АҚШ пен Иран арасы ушыққан тұста 11 елдің билігі өз азаматтарына Ираннан кетуге шақырды. Олардың қатарында Австралия, Канада, Германия, Қытай, Үндістан, Польша, Швеция, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, АҚШ және Қазақстан бар.
Қытай өз азаматтарын Иран аумағынан кетуге, сондай-ақ бұл елге барудан бас тартуға шақырды. Бұл туралы бүгін The Global Times газеті хабарлады.
«Ирандағы қауіпсіздікке байланысты қалыптасқан жағдайды ескере отырып, Қытайдың сыртқы істер министрлігі, сондай-ақ ҚХР-дың Ирандағы елшілігі мен консулдықтары азаматтарға Иранға барудан бас тарту қажеттігін ескертеді», – делінген хабарламада.
Сәрсенбі күні Австралия Израиль мен Ливандағы дипломаттарының отбасы мүшелерінен бұл елдерден кетуді талап еткенін мәлімдеді. Сонымен қатар Австралия үкіметі Біріккен Араб Әмірліктері, Катар және Иорданиядағы дипломаттардың отбасы мүшелеріне «аймақтағы қауіпсіздік жағдайының нашарлауына» байланысты елден ерікті түрде кетуді ұсынды, деп хабарлайды The Guardian.
Канаданың Сыртқы істер министрлігі де ескерту таратып, отандастарын Ираннан кетуге шақырды. Ведомство өңірдегі жағдай кез келген сәтте күрт нашарлауы мүмкін екенін атап өтті.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі де Иранға баруға қатысты ұстанымын жариялады. Министрлік қазақстандықтарды әзірге Иранға бармай тұруға шақырды. Ал қазір Иран аумағында жүрген азаматтарға елден кетуге кеңес беріледі.
Өткен аптада-ақ Швеция мен Германия билігі өз азаматтарын Иран Ислам Республикасынан кетуге шақырған.
«Кез келген уақытта әуе қатынасына қосымша шектеулер енгізілуі мүмкін, оның ішінде рейстердің тоқтатылуы және әуе кеңістігінің жабылуы ықтимал», – делінген Германия СІМ мәлімдемесінде.
«Швециялықтар мүмкіндік бар кезде Ираннан қазір кетуі керек, күтпеуі тиіс», – деп жазды ведомство басшысы Мария Мальмер Стенергард Х әлеуметтік желісінде.
Еске салсақ, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп 29 желтоқсанда Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен кездесу барысында егер Тегеранмен дипломатиялық диалог тығырыққа тірелсе, Израильдің Ирандағы зымыран нысандарына жасайтын соққыларына әскери қолдау көрсетуге дайын екенін аңғартқан болатын.