
Елде жол ережелерін бұзу фактілері енді жаңа тәртіппен тіркеледі. 12 наурыздан бастап камералар бірқатар заңбұзушылықты автоматты түрде анықтай бастайды. Ескерту де, айыппұл да – полицеймен бетпе-бет кездеспей-ақ рәсімделеді.
Енді не «көзден таса» қалмайды
ІІМ мәліметінше, осы уақытқа дейін автоматты режимде алты түрлі құқықбұзушылық тіркеліп келген. Атап айтқанда, жылдамдық асыру, қызыл шамға өту, жол белгілерін елемеу, дұрыс тоқтамау, басып озу ережесін бұзу және жаяу жүргіншіге жол бермеу.
Бұрын көлік жүргізіп келе жатып телефон ұстау немесе қауіпсіздік белдігін тақпау фактісін инспектор ғана анықтайтын. Енді мұны да камера тіркей алады.
Қандай жүйе іске қосылады
Наурыздың ортасынан бастап:
- кәдімгі бейнекамералар;
- автоматты тіркеу камералары (дрондарды қоса алғанда);
- мемлекеттік базалармен біріктірілген жүйе жұмыс істейді.
Жүйе көліктің техникалық байқауы өткен-өтпегенін немесе сақтандыру полисі бар-жоғын автоматты түрде анықтайды. Яғни, жолдағы бақылау цифрлық форматқа толық көшіп жатыр.
Айыппұл жеңілдігі жойыла ма
Бұған дейін жүйелі түрде ереже бұзатын жүргізушілер үшін 50 пайыздық жеңілдікті алып тастау ұсынылған. Алайда әзірге норма өзгерген жоқ. Айыппұлды уақытында төлесеңіз, бұрынғыдай жартысын ғана өтейсіз.