
Таяу Шығыстағы шиеленістің күшеюіне байланысты Қазақстанның Катардағы елшілігі сол елде жүрген азаматтарға үндеу жасады.
Елшілік қазақстандықтарды сабыр сақтауға және жоғары қырағылық танытуға шақырды.
«Қазіргі уақытта Катардың ресми органдары халық үшін төтенше шаралар енгізілгені туралы жариялаған жоқ. Елдегі жағдай тұрақты және құзыретті органдардың бақылауында», – делінген хабарламада.
Қандай кеңес берілді
Елшілік жеке қауіпсіздік мақсатында төмендегі кеңестерді ұсынады:
• адамдар көп жиналатын орындарға баруды шектеу;
• жеке қауіпсіздік шараларын сақтау және жоғары қырағылық таныту;
• жергілікті билік органдары мен ресми ақпарат көздерінің хабарламаларын мұқият қадағалау;
• сақтық шарасы ретінде ауыз су, азық-түлік және қажетті дәрі-дәрмектің жеткілікті қорын алдын ала қамтамасыз ету.
Елшілік жағдайды бақылауды жалғастырып жатқанын мәлімдеді.
«Қазақстан Республикасының Катардағы елшілігі жағдайды бақылауды жалғастыруда және қажет болған жағдайда азаматтарды ықтимал өзгерістер туралы жедел түрде хабардар етеді», – делінген үндеуде.
Төтенше жағдай туындаған жағдайда елшілікке келесі «жедел желі» нөмірлері арқылы хабарласуға болады: +974 5064 9955, +974 5100 0733.
Еске салсақ, мұның алдында Израиль Иранға қарсы соққы жасағанын елдің қорғаныс министрі Исраэль Кац хабарлады. Осыдан кейін Трамп АҚШ-тың Иранға соғыс жариялауын ресми мәлімдеді.
Ирандағы ахуалдан кейін Air Astana Таяу Шығысқа рейстерді шұғыл тоқтатқанын хабарлады.
Енді Бахрейн мен Катардағы АҚШ әскери базаларына Иран соққы жасап жатыр. CNN хабарлауынша, Иран әуелі Бахрейндегі америкалық базаға зымырандық соққы жасаған. Ақпарат Иранның жартылай ресми Fars News Agency агенттігіне сілтеме жасап таратылды. Ал Катар билігінің өкілі ел аумағы үстінде Иранның екі зымыраны атып түсірілгенін мәлімдеді.