Жаңалықтар

Қазақстанда наурыздан бастап не өзгереді

Референдум 15 наурызда өтеді/фото: Серикжан Ковланбаев

Наурызда елде бірнеше мерекемен қатар бірқатар саяси өзгеріс болғалы тұр. Оның ішінде Ата заңды өзгертуге қатысты республикалық референдум, президент қол қойған заңдардың күшіне енуі де бар. KursivMedia наурыздан бастап қазақстандықтардың өмірінде не өзгеретініне шолу жасады.

Референдум

Жаңа Конституция жобасын қабылдауға қатысты референдум 2026 жылдың 15 наурызында өтеді. Қазақстандықтар референдумда «Жобасы БАҚ-та 2026 жылдың 12 ақпанында жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сұраққа жауап береді. Бюллетеньде екі жауап бар:

  • «иә, қабылдаймын»;
  • «жоқ, қабылдамаймын».

Референдум өткізуге жалпы 20,8 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген. Саяси науқан кезінде жалпы 10,4 мың сайлау учаскесі ашылады. Оның ішінде 60 шетелде 80 учаске ашу жоспарланған. Украина мен Эфиопияда дауыс беру учаскелері ашылмайды

Ажырасқаннан кейін мүлікті бөлу

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтарда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының шешімдерін орындау және заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» құжатқа қол қойды. Заң 7 наурызда күшіне енеді.

Бұрын бұрынғы жұбайларға ортақ мүлікті бөлуге үш жыл берілетін. Бұл мерзім ажырасқан күннен бастап автоматты түрде есептелген. Енді тәртіп өзгереді. Үш жыл мерзім неке бұзылған сәттен емес, жұбайлардың бірі өзінің мүлікке қатысты құқығы бұзылғанын нақты білген күннен бастап есептеледі.

Сондай-ақ енді жерді пайдалану құқығы мұрагерге тек заң бойынша ғана емес, өсиет арқылы да беріледі. Өсиет бойынша мұрагерлер заңдағы кей тұжырымға байланысты жерден айырылмайды.

Алимент сомасы бекітіледі

Енді соттар алиментті табыстың белгілі бір пайызы түрінде емес, нақты белгіленген тұрақты сома түрінде тағайындай алады.

Бұл норма жеке кәсіпкер немесе өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлға ретінде арнайы салық режимін қолданатындарға және Қазақстаннан тыс жерге тұрақты тұруға кеткендерге қолданылады.

Бұрын мұндай жағдайлар нақты реттелмеген, сол себепті алимент көбіне ең төменгі табыс немесе құжатта көрсетілген табыс негізінде есептеліп келді.

Мысалы, кәсіпкер айналымдағы табысты азайтып көрсетіп, шетелде тұратын ата-ана табысын растаудағы қиындықтарды алға тартқан. Енді сот алиментті ай сайын бірдей, нақты сома түрінде белгілеуге құқылы.

Заңсыз активтерді қайтару тетігі өзгереді

Бұрын заңда заңсыз иемденілген қаражатты немесе мүлікті мемлекетке тікелей беру ғана ерікті түрде қайтару ретінде қарастырылатын. Енді бұл тәсіл кеңейтілді: активтерді ұлттық экономикаға инвестиция салу, әлеуметтік-мәдени нысандар салу немесе елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзге де үлес қосу арқылы да қайтаруға болады.

Медицина қызметкерлері қорғалады

Наурызда медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілерін қорғауға бағытталған Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Қызметтік міндетін атқару кезінде оларға қатысты қоқан-лоқы көрсету немесе кез келген зорлық-зомбылық жасау әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Жаза айыппұлдан ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыруға дейін барады.

Қандай жаза қарастырылған:

  • Зорлық-зомбылық көрсетемін деп қорқыту – 200-500 АЕК (865 мыңнан 2,2 млн теңгеге дейін) айыппұл, не 300 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру.
  • Осындай әрекетті адамдар тобы жасаса, бірнеше рет жасаса, төтенше жағдай кезінде жасалса, 2-3 жылға бас бостандығын шектеу немесе айыруға апарады.
  • Өмірге немесе денсаулыққа қауіпті емес зорлық-зомбылық үшін 500-1000 АЕК (2,2-4,3 млн теңге) айыппұл, не 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс, не 2-3 жылға бас бостандығын шектеу немесе айыру қарастырылған.
  • Осы әрекет ауырлататын мән-жайларда 3-7 жылға бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы бар.
  • Өмірге немесе денсаулыққа қауіпті зорлық-зомбылық 5-10 жылға бас бостандығынан айыруға әкеледі.
  • Ауырлататын мән-жайларда 7-12 жылға бас бостандығынан айыру қарастырылған.

Жаяу жүргіншілерге айыппұл салынады

Енді камералар жаяу жүргіншілерге де автоматты түрде айыппұл сала бастайды. 12 наурыздан бастап Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстегі жаңа өзгерістер күшіне енеді.

Яғни, автоматты режимде жұмыс істейтін техникалық құралдар пайдаланып анықталған немесе тіркелген кезде көрсетілген деректерді өңдеу нәтижелері бойынша анықталған осындай құқық бұзушылықтарды жасаған адамдар әкімшілік жауапқа тартылады.

  • Әкімішілік кодекске сай, рұқсат берілмеген жерде темекі шеккені үшін жеке тұлғаға 15 АЕК айыппұл салынады. Егер бір жыл ішінде қайталанса 20 АЕК.
  • Қоқыс тастағаны үшін (оның ішінде темекі тұқылы, қағаз, бөтелке) жеке тұлғаға 5 АЕК, ал бір жыл ішінде қайталанса 10 АЕК.
  • Жолды заңсыз жерден кесіп өтсе 2 АЕК, ал бір жыл ішінде қайталанса 10 АЕК айыппұл салынады.

Қолжүк салмағы 7 келі болады

Наурыздан бастап FlyArystan әуе бортына тегін алып кіруге болатын қолжүк салмағы 5 келіден 7 келіге артады. 

Қолжүк өлшемдері өзгеріссіз 56 × 23 × 36 см болуға тиіс және бір жолаушыға бір дана қолжүк қана рұқсат.

Жолаушы салонға өзімен бірге алып кіретін барлық зат, оның ішінде сөмке, ноутбук, фотоаппарат, гүл, торт, музыкалық аспап қолжүк болып есептеледі.

Ал халықаралық рейстерде Duty Free дүкендерінен сатып алынған және пломбалы қауіпсіздік пакетінде немесе фирмалық Duty Free пакетіндегі, өлшемі 56 × 23 × 36 см-ден аспайтын тауарлар тегін тасымалданады. 

Lufthansa Қазақстанға рейстерін қайта ашады

Германияның Lufthansa әуе компаниясы 29 наурыздан бастап Қазақстанға рейстерін қайта бастайды.

Әуекомпания Франкфурт-на-Майнеден (FRA) Алматыға (ALA) аптасына бес тұрақты рейсті және Астанаға (NQZ) аптасына төрт рейсті қайта іске қосады.

Рейстер Airbus A340-300 әуе кемесімен орындалады. Ішінде толық жатқызылатын креслосы бар бизнес-класс, жайлылығы жоғары премиум-эконом-класс және эконом-класс санаты бар.

Бакуге әуе рейстері көбейеді

Наурыз мерекесі қарсаңында Air Astana Алматыдан және Атыраудан Бакуге тікелей рейстерді қайта іске қосады.

15 наурыздан бастап Алматы-Баку-Алматы бағыты бойынша рейстер аптасына екі рет – бейсенбі және жексенбі күндері орындалады. Ал сәуірден бастап рейстер аптасына үш ретке, ал мамыр айынан бастап аптасына төрт ретке дейін көбейеді: дүйсенбі, бейсенбі, жұма және жексенбі күндері. Жаңа кестеде сапарларды ыңғайлы жоспарлау үшін күндізгі ұшу және қону уақыттары қарастырылған.

Атырау-Баку бағыты

Сондай-ақ, әуекомпания Атырау-Баку-Атырау бағыты бойынша тұрақты рейстер жиілігін аптасына үш ретке дейін арттырады. 18 наурыздан бастап рейстер дүйсенбі, сәрсенбі және сенбі күндері, ал сәуір айынан бастап сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері орындалады.

Ташкенттен Астанаға тікелей әуе рейсі ашылады

29 наурыздан бастап өзбекстандық Centrum Air әуе компаниясы Ташкент – Астана – Ташкент бағыты бойынша тұрақты рейстерді ашады.

Airbus A320 ұшағымен орындалатын әуе рейстер аптасына үш рет – дүйсенбі, жұма және жексенбі күндері болады. Ұшу уақыты шамамен екі сағатты құрайды

Билет бағасы 85 мың теңгеден (жүк багажынсыз) басталады.

Бірнеше демалыс бар

Наурызда Халықаралық әйелдер күні мен Наурыз мейрамына байланысты демалыс әдеттегіден көбірек болады.

Халықаралық әйелдер күні 2026 жылы жексенбі, 8 наурызға сәйкес келеді. Еңбек заңнамасына сай, мереке күні демалыспен қабаттасса, демалыс жұмыс күніне ауыстырылады. Осылайша, қосымша демалыс 9 наурыз, дүйсенбіге белгіленеді.

Демалыс кестесі:

Бес күндік жұмыс аптасында:

  • демалыс күндері – 7, 8 және 9 наурыз (сенбі, жексенбі, дүйсенбі);
  • 10 наурыз – жұмыс күні.

Алты күндік жұмыс аптасында:

  • 7 наурыз – жұмыс күні;
  • демалыс – 8 және 9 наурыз;
  • 10 наурыз – жұмыс күні.

Наурыз мейрамы дәстүрлі түрде 21–23 наурыз аралығында атап өтіледі және ресми мемлекеттік мереке болып саналады. 2026 жылы 21 және 22 наурыз сенбі мен жексенбіге түсетіндіктен, демалыс күндері 24 және 25 наурызға (сейсенбі мен сәрсенбі) ауыстырылады.