Қор нарығы: Геосаяси шиеленіс алтын мен мұнай бағасын өсірді
Бір апта ішінде S&P 500 индексінің фьючерсі 0,52%-ға өсіп, 6878,89 пункт деңгейіне жетті. Нәтиже оң болғанымен, қысым күшейіп келеді. 6820 аралық қолдау деңгейінен төмендеген жағдайда, терең құлдырау қаупі күрт артады. Нарыққа позитив қажет. Бірақ мәселе мынада: инвесторлар оны елемеуі де мүмкін.
Кешегі Nvidia (NVDA) есебіне қатысты жағдай бұған айқын мысал. 2025 жылдың 4-тоқсанындағы өте күшті есеп акциялардың дәл сондай қатты құлдырауына әкелді (олар 5,46%-ға арзандады). Әрине, бұған түсініктеме табуға болады: Microsoft (MSFT) және Amazon (AMZN) компанияларымен бәсекелестік, акцияларды кері сатып алудан (байбэк) кенеттен бас тарту және т.б. Бірақ басты мәселе осында — нарық өсуге бейімделген кезде, ол тіпті екіұшты жаңалықтың өзінен жақсылық табады. Ал қазір нарық үшін «стақанның жартысы бос».
Геосаяси шиеленістің артуы
Ең қауіптісі нарықтағы осындай пессимистік көңіл-күй кезінде шынымен жаман жаңалықтардың пайда болуы. Ондай үміткер бар: АҚШ-тың Иранға әскери соққы жасау ықтималдығы артып келеді.
- Polymarket-те осы демалыс күндері шабуыл жасалу мүмкіндігі 37% деп бағалануда (кеше бұл көрсеткіш небәрі 10% шамасында болған).
- Мұнай нарығы да соққы болады деп күтуде. Бүгін Brent маркалы мұнай барреліне $73,83-қа дейін көтерілді. Бұл АҚШ-тың 2025 жылғы 22 маусымдағы соңғы соққысынан кейінгі ең жоғары көрсеткіш.
Биткоин қатарынан бесінші айды «қызыл аймақта» аяқтауда
Жұма күні әлемдегі ең ірі криптовалюта – Биткоин бағасы тағы да төмендеп, бесінші ай қатарынан айтарлықтай құлдырау жолына түсті. Жалпы крипто нарығы Биткоинмен бірге құбылып, ақпан айында бөлшек және институционалды инвесторлардың сектордан алшақтауына байланысты күрт арзандады.
Ақпан айында Биткоин шамамен 17%-ға арзандады. Крипто нарығындағы тәуекелдерден қашу үрдісі ай бойы басылған жоқ. Жаһандық геосаяси шиеленістер, ірі экономикалардың болашағына қатысты белгісіздік және АҚШ-тың сауда тарифтерінен туындауы мүмкін іркілістер инвесторларды крипто сияқты алыпсатарлық активтерден сақтануға мәжбүр етті.
Алтын бағасы өсуде: споттық алтын бір айда 8%-дан астам қымбаттады
Жұма күні алтын бағасы жоғарылады. Ақпан айы бойы сақталған геосаяси шиеленістер мен экономикалық белгісіздік инвесторлар арасында «қорғаныс активтеріне» (safe haven) деген сұранысты арттырып, айлық айтарлықтай өсімге жол ашты.
Бір аптада , споттық алтын 4,24%-ға қымбаттап, унциясына 5 277,0 долларды құрады. Сәуір айындағы алтын фьючерстері 1,7%-ға өсіп, 5 280,26 долларға жетті. Ақпан айының басындағы құлдыраудан кейін алтын қайта қалпына келіп, айлық көрсеткіште 8%-дан астам өсім көрсетті. Айта кетейік, ақпанның басында споттық баға 4 404,12 долларға дейін төмендеген болатын.
Алтын бағасының қайта көтерілуіне Иран төңірегіндегі геосаяси жағдай басты катализатор болды. Вашингтон Таяу Шығысқа қосымша әскери кемелер жіберіп, егер Тегеран ядролық келісімді қабылдамаса, әскери күш қолданатынын ескертті. Осы аптада АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер нәтижесіз аяқталды, алайда тараптар алдағы апталарда талқылауды жалғастыруға уағдаласты.
Қазақстандық компаниялардың акциялары (1 апта ішінде)
- Көшбасшылар: Мұнай бағасының өсуі аясында «ҚазМұнайГаз» (KMGZ) акциялары 5,81%-ға, «ҚазТрансОйл» (KZTO) 4,16%-ға қымбаттады. Сондай-ақ, Halyk Bank (HSBK) +2,15% және Kcell (KCEL) +2,07% тұрақты өсім көрсетті.
- Төмендегендер: Ең үлкен түзету Kaspi.kz (KSPI) акцияларында байқалды (-2,25%). Air Astana (AIRA), KEGOC (KEGC) және Банк ЦентрКредит (CCBN) акциялары да шамалы минуспен жабылды.