Щучинсктегі жарылыс: бес отбасының несиесін демеушілер жауып береді

Щучинск қаласындағы жарылыс жағдайынан кейін Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жедел штаб мүшелерінің басын қосты.
Облыс әкімі зардап шеккендер мен қаза болғандардың отбасыларына жан-жақты көмек көрсетуді, медициналық көмектің уақытылы көрсетілуін және жедел жәрдем бригадаларының тәулік бойы кезекшілігін ұйымдастыруды, сондай-ақ оқиға себептерін объективті тергеуді және қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылауды күшейтуді тапсырды.
«Азаматтардың қауіпсіздігі сөзсіз басымдық болып қалуы тиіс. Осы бағытта қосымша ұйымдастырушылық және алдын алу шаралары қабылданады. Біз зардап шеккен отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетеміз», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Айта кетейік, қаза болған алты отбасына 2 млн теңге көлемінде біржолғы төлемдер берілді. Сондай-ақ дәмхана иесі қосымша 2 миллион теңгеден төледі. Өмірлік қиын жағдайға тап болған бес отбасының несиелері демеушілік қаражат есебінен өтелетін болады. Сонымен қатар заңнамаға сәйкес әлеуметтік төлемдер тағайындалды.
Еске салсақ, Ақмола облысы Бурабай ауданына қарасты Щучинск қаласында бес қабатты тұрғын үйде орналасқан дәмханада газ жарылды. Жарылыстан кейін қылмыстық іс қозғалды. Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, оқиғадан 28 адам зардап шекті. Ішінде 13-і ауруханаға жатқызылды, 8-і медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне жіберілді. 7 адам қайтыс болды.