Жаңалықтар

Степногорскіден Көкшетауға сәби тікұшақпен шұғыл жеткізілді

вертолет
Фото: Аскар Ахметуллин, бильд-редактор: Дастан Шанай

«Қазавиақұтқару» әуе қызметінің ұшқыштары санитариялық авиация дәрігерлерімен бірлесіп, 2024 жылы туған ұл баланы шұғыл түрде Көкшетауға жеткізді.

Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, сәбиге мамандандырылған жедел медициналық көмек қажет болған. Сондықтан Степногорскіден Көкшетауға санитариялық авиация рейсі ұйымдастырылған.

«Ұшқыштар мен медицина қызметкерлерінің үйлесімді және кәсіби іс-қимылдарының арқасында сәби межелі жерге аман-есен жеткізілді», – делінген хабарламада.

Министрлік тікұшақтардың санитариялық ұшуларға үнемі дайын болатынын, әсіресе, шалғай елді мекендерде уақыттың әр минуты маңызды екенін атап өтті.

Еске салсақ, бұған дейін Kursiv.Media Атырау облысындағы күрделі құтқару операциясы туралы хабарлаған болатын. Онда аудан орталығынан 275 шақырым қашықтықта орналасқан ауылдан жас ана мен оның жаңа туған сәбиіне көмек көрсетілген еді.