Жас конькиші Кристина Шумекова үш дүркін әлем чемпионы атанды

19 жастағы қазақстандық конькиші Кристина Шумекова жастар арасындағы әлем чемпионатында 1000 метрлік қашықтықта топ жарды. Осылайша Солтүстік Қазақстанда туған атлет біріншіліктің үш дүркін жеңімпазы атанды.
Тағы бір алтын
28 ақпанда Германияның Инцелль қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында Кристина Шумекова кезекті жарысын өткізді. Мұзға ең соңында шыққан спортшы 1000 метрлік қашықтықты 1 минут 16 секундта жүгіріп, алтын медаль алды. Жапон атлеті Аяно Секигучи күміс, ал австриялық Дженнин Рознер қола жүлдегер атанды.
Тағы бір қазақстандық спортшы Анастасия Беловодова мәре сызығын жетінші кесіп, үздік ондыққа кірді.
Үш дүркін чемпион
Осылайша Кристина Шумекова жастар арасындағы әлем біріншілігінің үш дүркін чемпионы атанды. Қазақстан коньки спорты тарихында мұндай жетістік алғаш рет болып отыр.
Бұған дейін Кристина 500 және 1500 метрлік жарыстарда топ жарған. Айта кетейік, қазақстандық спортшы алғашғы екі алтынды бір күнде жеңіп алған.

Спортшы отбасында тәрбиеленген чемпион
Кристина Шумекова 2006 жылғы 31 қазанда Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданындағы Повозочное ауылында дүниеге келді. Оның балалық шағы Петропавл қаласында өтті.
19 жастағы спортшының анасы Юлия Шумекова конькимен жүгіру спортынан бапкер болып істейді. Ол үш қызы – Кристина, Инесса және Алинаны спортқа баулыды. Үшеуі де халықаралық жарыстарда топ жарып жүр.