
Әлеуметтік желілерде 1 наурызда таңертең Дубай халықаралық әуежайындағы оқыс оқиға туралы видеолар тарады. Әмірліктегі қала билігі әуе терминалы шынымен зардап шеккенін растады.
Әлеуметтік желілерде таралған видеоларда әуежайда қатты жарылыс дыбысы естіліп, терминалды түтін басқанын көруге болады. Кезекте тұрған жүздеген жолаушы жүктерін тастап, тысқа қарай ұмтылған.
Әуежай ғимараты бүлінгені, еденде қирандылар шашылып жатқаны байқалады. Қызметкерлер адамдарды сыртқа шығарып жатқаны айтылды.
Дубай билігі таратқан ресми мәліметке қарағанда, оқиға жексенбі күні таңертең болған. Оқыс оқиғаны Dubai Airports компаниясы растап, бірнеше адам зардап шеккенін хабарлады.
«Төрт адам жараланды. Оларға тез арада медициналық көмек көрсетілді», – деп таратты Дубай үкіметінің ресми медиа-ұйымы.
Бұған қоса медиа-орталық оқиға орнына шұғыл әрекет тобы жөнелтілгенін, олар тиісті органдармен жұмысын үйлестіретінін мәлімдеді.