
Иран мемлекеттік ақпарат құралдары аятолла Әли Хаменеиді Тегерандағы өз резиденциясында өлтірді деп таратты.
Fars News Agency мемлекеттік ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Хаменеиді сенбі күні таңертең «өз үйінің жеке бөлмесінде ел алдындағы міндетін атқару кезінде» өлтіріп кетті.
Бұған дейін аятолланың «мерт болғанын» АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеген. Ал оның алдында Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Иранның жоғары көсемінің өлгеніне меңзейтін «жайттар көп» екенін айтқан.
Батыс баспасөзі Airbus спутниктері арқылы түсірілген суреттер таратты. Онда Тегеран орталығында соққыдан қатты зардап шеккен резиденция бейнеленген.
АҚШ пен Израиль басшыларының мәлімдемелерін Иран билігі жоққа шығарумен болды. Мәселен, осы елдің сыртқы істер министрі Эсмаил Багаи сенбі күні кешке ABC News телеарнасына Аятолла Хаменеи «қауіпсіз жерде» деген.
86 жастағы аятолла Әли Хаменеи Иранның жоғары көсемі болып 1989 жылы сайланған. Ол 1981-1989 жылдары Иран президенті болған. Хаменеи бұл елді 36 жылдан астам уақыт бойы басқарып келді.