Иран көсемі Аятолла Әли Хаменеи тірі ме

Израиль Иранның жоғарғы көсемі аятолла Әли Хаменеи сенбідегі соққыдан мерт болғанын растайтын мәлімет алған. Бұл туралы CNN телеарнасы екі дереккөз мәліметіне сүйене отырып хабаралайды.
Дереккөздердің бірінің айтуынша, Израиль аятолла сүйегінің суретін алған. Екінші дереккөз ресми мәлімдеме дайындалып жатқанын хабарлаған.
Осының алдында Батыстың беделді басылымдары Хаменеидің Тегерандағы резиденциясына жасалған соққыдан кейін спутниктен түсірілген сурет жариялады. Баспасөзде Аятолланың өзі туралы керағар ақпарат тарады.
Иран көсемінің ресми резиденциясы – Бит-е Рахбари сарайы Тегеранның орталық ауданында орналасқан. Астана жүрегі саналатын Пастур ауданы қатаң қорғалады. Резиденция айналасында президент кеңсесі мен басқа да үкімет ғимараттары орналасқан.

Airbus спутниктерінің Израиль мен АҚШ шабуылынан кейін түсірген суреттерінде Аятолла резиденциясы қатты зардап шеккенін байқауға болады. Қираған ғимараттардан қою қара түтін будақтап шығып жатыр.
Сенбідегі шабуылдан соң баспасөзде Аятолланың тағдырына қатысты түрлі әңгімелер тарады. Өйткені Иран көсемі көпшілік алдында көрінген жоқ. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Иранның жоғары көсемі «мерт болғанын» меңзейтін «жайттар көп» деп мәлімдеп үлгерді.
Алайда ресми Тегеран түрлі алып-қашпа әңгімелерді жоққа шығарып отыр. Иран сыртқы істер министрі Эсмаил Багаи сенбі күні ABC News телеарнасына Аятолла Хаменеи «қауіпсіз жерде» деп мәлімдеді.
«Иранның үкімет жүйесі жұмыс істеп тұр», – дейді СІМ басшысы.
Министр Иран билігін «бір адамға тәуелді емес», халық революциясынан бастау алатын күрделі құрылым екенін айтқан. Оның мәлімдеуінше, Тегеранда «бәрі жоспар бойынша жүріп жатыр».
86 жастағы Аятолла Әли Хаменеи Иранның жоғары көсемі болып 1989 жылы сайланған. Ол 1981-1989 жылдары Иран президенті болған. Хаменеи бұл елді 36 жылдан астам уақыт бойы басқарып отыр.