Жаңалықтар

Иранның ықпалды саясаткері Америкадан өш алатынын мәлімдеді

Әли Лариджани
Әли Лариджани / фото: Tasnim

Иран ұлттық қауіпсіздігі жөніндегі жоғары кеңесінің хатшысы Әли Лариджани мемлекеттік телеарна эфирінде сөйлеп, Америкадан кек алуға ант берді.

АҚШ-ты қорқытты

«Америкалықтар иран халқының жүрегіне соққы жасады. Біз де олардың дәл жүрегіне соққы береміз», – деп мәлімдеді ықпалды саясаткер. Оның сөзін CNN телеарнасы жариялады.

Телеарна мәліметінше, Лариджани 28 ақпанда мерт болған аятолланың басты кеңесшілерінің бірі, Иран билігінде шешім қабылдайтын ықпалды саясаткер. Ол АҚШ пен Израильге қарсы бұдан да өткір шара қолдануға әде беріп, «қарулы күштеріміздің қарымта әрекеті одан бетер қатаң болады» деп мәлімдеген.

Осының алдында ғана АҚШ президенті Дональд Трамп Иран билігіне қатаң ескерту жасаған. Құрама Штаттар басшысының мәлімдеуінше, Тегеран осындай әрекетке барса, АҚШ бұрын болмаған жойқын соққы жасайды.

Иранның Tasnim мемлекеттік ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Әли Лариджани Иранды басқаратын уақытша кеңес жақында құрылатынын айтқан. Саясаткер мемлекеттік телеарнада сөйлеген. Келесі аятолла сайланға дейін ел басқаратын кеңес құрамына президент, сот билігінің басшысы және Конституциялық кеңестің бір мүшесі кіреді.

Таяу Шығыстағы ахуал

28 ақпанда таңертең АҚШ пен Израиль күштері Иранды атқылады. Сенбі күні таңертең Тегеран орталығындағы резиденцияға жасалған соққыдан аятолла Әли Хаменеи мерт болды. Оның қазасын ресми билік 1 наурызға қараған түні ғана растады.

Артынша Иран билігі Таяу Шығыс елдеріндегі америкалық базаларды, сонымен бірге Израильді де атқылай бастады. Біріккен Араб Әмірліктері, Катар және Бахрейн зымырандар мен дрондар шабуылына ұшырады.

Абу-Даби әуежайына жасалған соққыдан бір адам қаза тапты. Дубай халықаралық әуежайында да бірнеше адам зардап шекті. Бұған қоса әлемдегі жалғыз 7 жұлдыз қонақ үй – Burj Al Arab дрон соққысынан өртенді.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Иранда жүрген ел азаматтары үшін жедел байланыс желісін ашты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев араб елдерінің басшыларына хат жолдады.