Қазақ елшілігі Ирандағы ел азаматтары үшін жедел байланыс желісін қосты

Қазақстанның Ирандағы елшілігі тәулік бойы жұмыс істейтін жедел байланыс желісін іске қосты. Сыртқы істер министрлігі сол елдегі азаматтарға қауіпсіздік шараларын күшейтуге кеңес берді.
Маңызды алты кеңес
СІМ, Таяу Шығыста геосаяси ахуалдың күрт шиеленісуіне байланысты, Иран аумағында уақытша немесе тұрақты негізде жүрген азаматтарға жеке қауіпсіздік шараларын барынша күшейту қажеттігін ескертті.
Министрлік отандастардан төмендегі алты ұсынымды қатаң сақтауды сұрайды:
- адам көп жиналатын орындарға барудан және бұқаралық іс-шараларға қатысудан бас тарту;
- жергілікті билік органдары мен ресми ақпарат көздерінің хабарламаларын тұрақты түрде қадағалау;
- қажетсіз сапарларды шектеу;
- жеке құжаттарды әрдайым өзіңізбен бірге алып жүру;
- туындауы мүмкін төтенше жағдайларға дайын болу;
- Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктерімен тұрақты байланыста болу.
Байланыс желісі қосылды
Бұл уақытта Қазақстанның Тегерандағы елшілігі Иран аумағында жүрген қазақ азаматтары үшін тәулік бойы жұмыс істейтін жедел байланыс желілерін іске қосты.
Қазақстанның Тегеран қаласындағы елшілігі:
Елшіліктің кезекші телефоны: +98 21 2256 5933
Мобильді телефон / WhatsApp: +98 936 208 4672
Қазақстанның Горган қаласындағы Бас консулдығы:
+98 912 298 0350 (ұялы телефон);
+98 173 252 0443 (жұмыс телефоны);
+7 701 771 34 01 (WhatsApp).
Қазақстанның Бендер-Аббас қаласындағы Консулдығы:
+98 930 298 57 03 (ұялы телефон, WhatsApp).
Азаматтар сол арқылы консулдық көмекке жүгініп, орналасқан жері мен жағдайы туралы хабарлай алады.
«Өз қауіпсіздігіңізге жауапкершілікпен қарап, сабыр сақтауға және тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырамыз», – деп таратты СІМ.
Ираннан кету жолдары
Бұған қоса, СІМ Иранда жүрген азаматтарға сол елден кету жолдарын көрсетті. Министрлік қазір Иранда әуе кеңістігі жабылып, әуе қатынасы уақытша тоқтауына байланысты құрлық арқылы елге оралуға кеңес берді. Бұл ретте Иранмен шекаралас Әзербайжан, Армения, Түркия және Түркістанмен арқылы шығу үшін дипломатиялық өкілдіктерімен байланысқа шығу керек.