Авто

Сарапшы 2030 жылға қарай BMW, Mercedes сынды ірі автоконцерндердің күйреуін болжады

Mercedes-Benz мерседес
фото: shutterstock

Неміс экономисі, Киль әлемдік экономика институтының президенті Мориц Шуларик 2030 жылға қарай Германияның ірі автокөлік өндірушілері күйреуі мүмкін деген мәлімдеме жасап, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Оның болжауынша қарапайым компаниялар емес, Германия өнеркәсіптік қуатының символдары саналатын BMW, Mercedes-Benz және Volkswagen жабылып тынады.

Бұл мәлімдеме неміс қоғамында ғана емес, әлемдік автоәуесқойлар арасында үлкен талқы тудырды. Өйткені неміс автоөндірісі ондаған жылдар бойы инженерлік артықшылыққа, механикаға және жоғары сапа талаптарына сай дамып келді.

Шулариктің айтуынша соңғы бес жылда әлемдік автоиндустрия өткен елу жылмен салыстырғанда әлдеқайда жылдам өзгерді. Дизель мен бензиннен гибрид, электрге ауысты, механикадан электроника мен бағдарламалармен қамтамасыз етілген құрылғыға айналды. Бүгінде автокөлік – жай ғана қозғалыс құралы емес, батареялар, микрочиптер, операциялық жүйелер және цифрлық сервистерден «цифрлық платформа» болуға бағыт алды. Мамандар алдағы жылдары автокөліктер жүргізушімен «сөйлесе» алатын, оның командаларын орындап, қажетті жеріне жеткізетін, мекен-жайды картаға енгізіп, жүретін жолды бағыттап беретін, көңіл-күйді танып қажетті музыканы қосатын, шаршасаң массаж жасап, мультимедиалық экранда қажетті бейнені қосып беретін, тіпті сіздің командаңыз бойынша онлайн төлемдер жасайтын көмекшіге айналатынын айтады. Қазір бейнетіркеуші, дабыл жүйесін қосымша орнатып, қолымызға  кілт ұстап жүретін болсақ, алдағы уақытта смартфонмен басқарылатын, қосымша жабдықтар көліктің ішінде дайын қойылған күйде болады. Ұшатын көліктердің де дәуірі басталуға жақын. Қысқасы көліктің қызметі өзіңіз басқарып, діттеген жеріңізге жететін қарапайым құралдан да үлкейе түседі.

Шулариктің пікірінше, Қытай мен АҚШ-тың автоөндірушілері осы жаңа заман көліктерінің негізін қалап берді.  Tesla электромобиль архитектурасы мен бағдарламалық шешімдер саласында жаңа стандарт қалыптастырды. Ал BYD сияқты қытайлық өндірушілер гибридтер мен электрокөліктерді еуропалық бәсекелестеріне қарағанда жылда әрі арзандау қылып шығаруды үйренді. Сонымен қатар Қытай батареяларды өндіру тізбегінің едәуір бөлігін бақылауда ұстап отыр, бұл оларға стратегиялық артықшылық береді. Бұған баяу болса да кәрістер ілесіп, жапон автоөндірушілері Қытайдағы зауыттарында, қытай нарығына арналған көліктер шығару арқылы бейімделе бастады.

Ал неміс концерндері үшін жаңа жағдайға бейімделу, мысалы, электрлендіруге көшу күткеннен де күрделі болып шықты. Олар бір мезетте дәстүрлі іштен жану қозғалтқышы бар модельдерді өндіруді жалғастырып, жаңа электрлік платформаларға ондаған миллиард еуро инвестиция салуға мәжбүр болды. Бұл ретте электромобильдердің табысы әзірге дәстүрлі модельдерден төмен, ал баға бәсекесі барған сайын күшейіп келеді. Әсіресе бұл жағдайды жаппай сегментке бағытталған Volkswagen қатты сезінуде. Дәл осы сегментте қытайлық брендтер ұқсас жабдықталған көліктерді төмен бағамен ұсынуда.

BMW салыстырмалы түрде тұрақты көрінеді, себебі оның стратегиясы икемдірек әрі табыстылығы жоғары. Компания Neue Klasse жаңа архитектурасына үміт артып, дәстүрлі модельдер мен электромобильдер арасындағы тепе-теңдікті сақтауға тырысуда. Ал Mercedes-Benz премиум сегментке басымдық беріп, қымбат электрлік модельдерге шоғырланды және көлемді азайтып, бір көліктен түсетін пайданы арттыруды көздеп отыр.

Алайда әлемдік экономиканың баяулауы мен люкс санатындағы электромобильдерге сұраныстың төмендеуі жаңа тәуекелдер туғызуда. Бұдан бөлек қытайлық орташа санаттағы көліктер немістің люкс көліктеріне айтарлықтай бәсеке туғыза бастады. Олар Mercedes-ке ілесе алмаса да, әрі сапа жағынан өздерін дәлелдеп үлгермесе де, люкстегі жабдықтарды айтарлықтай төмен бағаға ұсынып нарықты жаулауда.Бұл бағытта қытай көліктері әсіресе дамушы елдердегі тұтынушыларының ерекше сұранысына ие.

Бұдан бөлек тек технологиялық бәсекеде ғана емес, Германияның өз ішіндегі құрылымдық факторлар да әсер етуде. Энергия бағасының жоғары болуы, экологиялық талаптардың күшеюі, еңбек шығындарының өсуі және демографиялық құлдырау елдегі өндірістің бәсекеге қабілеттілігін төмендетіп отыр. Қазірдің өзінде кейбір концерндер өндірістің бір бөлігін Германиядан сыртқа көшіру мүмкіндігін қарастыруда. Егер бұл үрдіс күшейсе, ел тек автопром трансформациясымен ғана емес, жұмыс орындарының қысқаруы мен өнеркәсіптік рөлдің әлсіреуі сияқты әлеуметтік салдарлармен де бетпе-бет келуі мүмкін.

Сарапшылар «бұған қарамастан, 2030 жылға қарай бұл брендтер толық жойылып кетеді деу асыра айтылған пікір» дейді. BMW, Mercedes-Benz және Volkswagen компанияларының қаржылық резервтері мықты, жаһандық дилерлік желісі қалыптасқан, брендтік беделі жоғары және адал тұтынушылары бар. Ең ықтимал сценарий — олардың нарықтағы үлесінің біртіндеп азаюы және технологиялық көшбасшылардан «қуып жетуші» ойыншыларға айналуы. Бұл күйреу емес, ықпалдың баяу әлсіреуі болуы мүмкін.

Неміс автоөндіріс қауымдастығының президенті Хильдегард Мюллер Шулариктің пікірі бос былшыл деп отыр. Оның айтуынша неміс компаниялары қазіргі кезде өте қуатты, әйтсе де қарқынды дамуға «энергия бағасы мен көлік өндірісіне жағымсыз саясаттың» әсері бар.

Жасылдар патиясының өкілі Джем Оздемир де Mercedes-Benz сияқты трансұлттық компаниялар шетелдік бақылауға өтпейді.  Сарапшылардың пікірінше қазіргі таңдағы негізгі мәселе жабылып немесе жұтылып кету емес, неміс автоөндірушілері электрлендіру мен цифрландыру дәуірінде бәсекеге қабілеттілігін сақтап қалу үшін жеткілікті деңгейде жылдам бейімделе ала ма деген сауалға жауап іздеу болып тұр.  Бұл ретте неміс автобрендтеріне өз батарея технологияларын жедел дамыту, толыққанды бағдарламалық платформалар құру және сапаны жоғалтпай шығындарды оңтайландыру, сапаны сақтай отырып, қолжетімді көліктер шығару  қажет. Сондықтан Мориц Шулариктің болжамын үкім емес, ескерту деп қарастыру қажет, дейді. Әйтсе де неміс автоөндірісі өз тарихындағы ең күрделі трансформация кезеңін бастан өткеріп отырғаны рас. Олар үшін 2030 жыл шынымен де шешуші межеге айналуы мүмкін. Бірақ ол күйреу жылы бола ма, әлде жаңа дәуірдің бастамасы ма — бұл бүгін қабылданатын стратегиялық шешімдерге байланысты.