«Көмекке дайынбыз»: Тоқаев Араб елдерінің басшыларына хат жолдады

Тоқаев бүгін Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Қатар, Бахрейн және Кувейт мемлекеттерінің басшыларына хат жолдады. Ол осынау қиын-қыстау кезеңде шынайы қолдауы мен тілектестігін білдірді деп хабарлайды президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияр телеграм-каналында.
Тоқаев хатында достас әрі бауырлас елдердің тәуелсіздігі мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін барлық әскери әрекетті батыл айыптайтынын айтқан.
– Қазақстан халықаралық күрделі проблемалар мен қарулы қақтығыстардың бәрін тек дипломатиялық жолмен шешуді ұдайы жақтайды, – деп жазылған хатта.
Президент араб елдеріне көмектесуге дайын екенін жеткізіп, болашақта тұрақты қызметтік қарым-қатынас жалғасатынына ниет білдірді.
28 ақпанда АҚШ пен Израиль бірлесіп, Иранға қарсы әуе шабуылын бастады. Салдарынан 200-ден астам адам қайтыс болды.
Оған жауап ретінде Иран АҚШ-тың араб елдеріндегі әскери базаларына соққы жасады. Әуе шабуылынан әйгілі 7 жұлдызды Burj Al Arab қонақүйі де өртенді.
Шығыстағы жағдай шиеленіскен соң Тоқаев елдегі бүкіл күштік құрылымдарды тәуліктік жұмыс кестесіне ауыстырды. Сыртқы істер министрлігінде топ құрып, өңір әкімдеріне де арнайы тапсырмалар берді.