
АҚШ президенті Дональд Трамп аятолладан айрылған Иран билігіне қатаң ескерту жасады.
«Иран жаңа ғана бүгін өте қатты қарымта соққы жасайтынын мәлімдеді. Дегенмен олай жасаудың қажеті жоқ. Өйткені олар осындай әрекетке барса, біз бұрын болмаған өте ауыр соққы жасаймыз», – деп жазды Құрама Штаттар президентінің өзіне тиесілі Truth Social әлеуметтік желісіне.
28 ақпанда таңертең АҚШ пен Израиль күштері Иранды атқылады. Сенбі күні таңертең Тегеран орталығындағы резиденцияға жасалған соққыдан аятолла Әли Хаменеи мерт болды. Оның қазасын ресми билік 1 наурызға қараған түні ғана растады.
Артынша Иран билігі Таяу Шығыс елдеріндегі америкалық базаларды, сонымен бірге Израильді де атқылай бастады. Біріккен Араб Әмірліктері, Катар және Бахрейн зымырандар мен дрондар шабуылына ұшырады.
Абу-Даби әуежайына жасалған соққыдан бір адам қаза тапты. Дубай халықаралық әуежайында да бірнеше адам зардап шекті. Бұған қоса әлемдегі жалғыз 7 жұлдыз қонақ үй – Burj Al Arab дрон соққысынан өртенді.
Қазақстан сыртқы істер министрлігі Иранда жүрген ел азаматтары үшін жедел байланыс желісін ашты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев араб елдерінің басшыларына хат жолдады.