Жаңалықтар

Трамп: Иранның 48 шенеунігі бір соққыдан мерт болды

АҚШ президенті Дональд Трамп
фото: shutterstock

Құрама Штаттар президенті Дональд Трамп АҚШ пен Израильдің Иранға соққысынан 48 жоғары лауазым иесі мерт болды деп мәлімдеді.

Бір ғана соққымен

Ақ үй басшысы жексенбі күні Fox News телеарнасының журналисі Жаклин Хайнрихке сұхбат беріп, Таяу Шығыстағы әскери операция барысы туралы тың мәлімет берді.

«Бәрі ойдағыдай, өте жылдам жүріп жатыр. Біздің жетістігімізге ешкім сенбейді: бір соққымен 48 жетекші жоқ болды», – деп мақтанды Трамп.

CNN телеарнасының мәліметінше, Израиль мен АҚШ тыңшылары бірнеше ай бойы аятолла Әли Хаменеиді аңдып, оның күн тәртіп анықтаған. Ұрымтал сәтті күткен.

Иран келіссөз жүргізгісі келеді

Сонымен бірге Трамп жексенбі күні The Atlantic басылымының тілшісімен сөйлесіп, Иранның жаңа басшылары «келіссөз жүргізгісі келетінін» мәлімдеді.

«Олар менімен келіссөз жүргізгісі келеді. Мен сөйлесуге келістім. Баяғыда солай жасауы керек еді. Олар өте ұзақ күтті», – дейді Құрама Штаттар президенті.

Дегенмен Трамп Иран өкілдерімен келіссөзді нақты қай уақытта жүргізетінін айтпады.

«Көп адам өліп кетті. Бізбен байланысқа шыққандарының бірқатары қаза болды. Өйткені жойқын соққы болды. Олар ертерек қозғалуы керек еді. Тым қулыққа басты», – дейді Трамп.

Иран көсемі Аятолла Әли Хаменеи резиденциясы
Аятолланың Тегерандағы резиденциясына жасалған соққы / фото: CNN / Airbus

Естеріңізге сала кетейік, 28 ақпан күні таңертең Тегеран орталығындағы резиденцияға жасалған соққыдан аятолла Әли Хаменеи мерт болды. Иран билігі оны 1 наурызға қараған түні мойындады. Сонымен бірге Иран армиясының қолбасшысы Абдулрахим Мусави мен қорғаныс министрі Әзіз Насырзаде қаза тапты.

Бұған қоса, аятолланың қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі Әли Шамхани мен Ислам революциясы сақшылары корпусының бас қолбасшысы Мұхаммед Пакпурдың қаза да расталды.