Lifestyle

«Жарылыстан шошып ояндық»: Дохада жүрген қазақ бьюти-блогері көмек сұрады

танымал блогер Жанна Қаражігітова
Кәсіпкер қыз кішкентай балапаны үшін қатты алаңдайды / фото: instagram.com/k.zhanet

Танымал блогер Жанна Қаражігітова отбасымен бірге Дохаға (Катар) демалуға барып, түнгі жарылыстан шошып оянғанын әлеуметтік желіне жазды. 100 мыңнан астам оқырманы бар кәсіби визажист үкіметтен көмек сұрайды.

Балапанымды құшақтап қана жатырмын

Сұлулық саласының маманы Жанна Қаражігітова Таяу Шығыстағы елге саяхаттап барған екінші күні кескілескен ұрыстың куәсі болып, қатты шошыды.

«Жарылыс дауыстары, сирена әлі тоқтар емес.. Жүрегім қатты соғып, кішкентай балапанымды құшақтап қана жатырмын…», – деп жазды ол әлеуметтік желіге.

Жарылыстарды жаңалықтардан ғана көріп, оған аса мән бермей келген блогер соның куәсі болу аса қорқынышты екенін мойындады.

«Жарылыстан шошып оянасың десе, ешқашан сенбес едім… Мынадан кейін қалай ұйықтаймын?» – дейді әуедегі зымырандарды видеоға түсірген Жанна.

Елшіліктен нақты жауап жоқ

Желіде жариялаған видеосында бьюти-блогер түн жарымында қонақүй терезесінен аспанға телміріп, зымырандарды атып түсіргенін тілеп тұр.

«Ұстаған жоқ. Әне, біреуі кетіп бара жатыр», – дейді Жаратқанға жалбарына сөйлеген Жанна.

28 ақпанда АҚШ пен Израиль шабуылына ұшыраған Иран Таяу Шығыстағы америкалық базаларды атқылады. Зымырандар мен дрондар азаматтық нысандарға да құлап, инфрақұрылым мен адамдар зардап шекті.

«Дәл бүгін сирена ойнап, осындай жаман дүниелердің куәсі болдық. Алладан тек жәрдем, еліміздің үкіметінен көмек сұраймыз. Біз ғана емес, осындағы бүкіл қазақ елден жаңалық күтіп отыр«, – дейді Қаражігітова.

Бұған дейін Қазақстан сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыста көмекке зәру отандастар үшін жедел байланыс желісін іске қосқанын хабарлаған. Алайда Жанна консулдыққа хабарласып, нақты жауап ала алмағанына қынжылды.

«Консулдыққа қоңырау шалдық, жаздық. Бірақ, өкінішке қарай, нақты жауап жоқ. Қай уақытта, қашан алып кетеді деген сияқты сұрақтарға нақты жоқ жауап!» – дейді ол.

Сенбі күні Таяу Шығыстағы елдер әуе кеңістігін жапты. Бүкіл әлемнің әуе компаниялары осы өңір қатынайтын рейстерін уақытша тоқтатты. Аспан қашан ашылатыны әзірге белгісіз.

Бұған дейін Kursiv.Media қазақстандық теннисші Александр Бубликтің атыс басталған уақытта Иран әуе кеңістігінен ұшып, қатты алаңдағаны туралы жазған. Дубайдан Лос-Анджелеске аман-есен жеткен спортшы өмірдің әр сәтін бағалауға кеңес берген.