
Әнші Жазира Байырбек Дубайдағы жарылыстар мен бомбаланған үйлер туралы бейнежазба жариялады.
Иранның БАӘ-ге жасаған соққылары әншіні қатты үрейлендірген. Ол балаларын қорқытпау үшін жарылыстарды «мерекелік отшашу» деп атаған.
«Даратайыма мереке қарсаңында салюттер атылып жатыр деп алдап қоямын», – деп жазба қалдырған әлеуметтік желіге.
Бейнежазбада аспанда зымырандар қалдырған түтіннің айқыш-ұйқыш іздері көрінеді. Сосын жас баланың қазақ тілінде: «Бір нәрсе біз жаққа түсті. Ол біздің үй жақ па?»,– деп сұрады.
Екінші видеода кешқұрым уақыт көрінеді. Биік ғимараттардың арғы жағынан қою қара түтін байқалады.
«Қараңыздаршы, мына жақтан ұшып келіп, біздің үйдің қасындағы үйге бомба түсті», – дейді әйел дауысы.
«Көзбен көріп, құлақпен естіген қандай қорқынышты» деп жазды Жазира Байырбек.
АҚШ президенті Дональд Трамп Ирандағы операция бір айға созылуы мүмкін екенін мәлімдеді.