АҚШ пен Израиль Аятолла Әли Хаменеидің ізіне қалай түсті

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
фото: Getty Images

Иранды 37 жыл басқарған көшбасшы Аятолла Әли Хаменеиді АҚШ пен Израильдің барлау қызметі қалай аңдыған? Ол жасырынған резиденцияны қалай тапты? Назарларыңызға ВВС сарапшыларының материалын ұсынамыз.

Аятолла Әли Хаменеидің өлгені туралы 28 ақпаннан бірінші наурызға қараған түні хабар тарады. АҚШ пен Израиль әскерилері оның Тегеран орталығындағы  Бит-е Рахбари сарайына әуе шабуылын жасады. ВВС жазуынша, Хаменеидің сол резиденцияда жасырынып жатқаны туралы ақпарат бірнеше сағат бұрын ғана белгілі болған.

Бірнеше ай бойы іздеді

АҚШ пен Израиль Хаменеи мен оның айналасындағы лауазымды шенеуніктердің бір орынға жиналуын бірнеше ай бойы күткен. Иранның жоғары көшбасшысының жүріп-тұрысын да үнемі бақылап отырған. Ұзақ уақытқа созылған барлаудан кейін Иранның жоғары лауазымды әскерилері мен барлау қызметкерлерінің бір жерде кездесетінін анықтайды.

Нақты қандай әдістермен аңдығаны белгісіз.

«Ол (Аятолла Әли Хаменеи – ред.) біздің барлауымыз бен жоғары технологиялы бақылау жүйесінен қашып құтыла алмады», – деді Трамп қалай тапқандары жайлы жанамалап қана.

Кей дереккөздің сөзінше, Хаменеидің қай жерде екенін сол аумақтағы агент хабарлауы мүмкін. Заманауи технологиялар арқылы анықтады деген нұсқа да айтылады. Тіпті оның айналасындағы күзетшілердің, көмекшілерінің де ізіне түскен. Сол арқылы Хаменеидің күнделікті тұрмысын, кіммен қаншалықты жиі кездесетінін және әдетте қай жерде жолығатыны жайлы картина қалыптасады.

Аятолла Әли Хаменей ізіне аңду түскенін білді ме?

Иран шенеуніктері көшбасшысын үнемі аңдып жүргенін білді. Бірақ соған қарамастан оның алдын-ала алмағаны ирандық қауіпсіздік жүйесі мен барлау қызметінің өте төмен деңгейде екенінің көрінісі дейді ВВС сарапшысы.

Әрі Иран билігі күндіз шабуыл жасала қоймайды деп те болжаған. Бірақ The New York Times жазуынша, АҚШ Орталық барлау басқармасы Хаменейдің жасырынған жері туралы дерек табады. Сол бойынша Израиль соққы жасайды. Шамамен жергілікті уақытпен 9:40-та Израильдің жойғыш ұшақтары резиденция үстінен 30 қуатты бомба түсірген. Хаменеи жер асты бункеріне жасырынуы мүмкін деген де ақпарат болды, соған дейін жету үшін осындай шешім қабылданған.

Екі тарап әрекеттерін өзара бөліп алған. Израиль нақты бір нысанаға (мәселен Хаменеи резиденциясы), ал АҚШ әскери базаларға соққы жасауы керек болған. Ал ол шабуылдың барлығын Трамп Флоридадағы резиденциясынан бақылап отырады. Иранды бомбылап жатқанда АҚШ-та түннің бір уағы еді. Ол бейсболка киіп, басқа шенеуніктермен бірге үстелде жайғасып, Тегерандағы операцияны қарап отырды.

АҚШ президенті Дональд Трамп
фото: White House

Хаменеидің резиденциясынан бөлек ел президенті Масуд Пезешкианның да кеңсесіне шабуыл жасалды. Бірақ ол аман қалды. Ал бірнеше сағаттан кейін Трамп пен Нетаньяху Иранның жоғары көшбасшысы қайтыс болғанын хабарлады.

Жалпы АҚШ пен Израильдің бірлескен шабуылдарынан кейін Иран 48 шенеунігі өлгенін мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз