Жаңалықтар

Бір пәтерді екі адамға сатқан: Астанада 8 млрд теңгенің алаяқтығы әшкереленді

суд с риелтором
Фото: Shutterstock

Астанада «Qyran» тұрғын үй кешеніне қатысты ірі алаяқтық ісі сотқа жолданды. Прокуратура дерегінше, құрылыс компаниясының қызметкерлері пәтерлерді екі рет сатып, азаматтарды алдаған.

Күдіктілер «International Invest Company IIC» ЖШС атынан әрекет еткен. Клиенттерге пәтер, коммерциялық нысан мен автотұрақ орындарын нарық бағасынан төмен ұсынып, түрлі құжаттар мен техникалық паспорттардың макеттерін көрсеткен.

«Сатып алу-сату шарттарын жасасудың орнына күдіктілер мемлекеттік тіркеуге жатпайтын брондау шарттарын, кепілге беру туралы келісімдерді, алдын ала шарттарды ресімдеген. Алданған сатып алушылар күдіктілердің жеке шоттарына ақшаны аудару арқылы және қолма-қол ақшамен төлем жасаған», – делінген хабарламада.

Прокуратураның мәліметінше, келтірілген шығын көлемі – 8 млрд теңгеден асады. Сот санкциясымен 7,4 млрд теңгенің мүлкіне тыйым салынды. Үш күдікті қамауға алынып, тағы біріне «кепіл» шарасы қолданылған. Іс енді сотта қаралады.