Жаңалықтар

Дубайдағы қазақстандықтардың жағдайы қандай

фото: shutterstock

28 ақпан күні Иран тарапынан Біріккен Араб Әмірліктері аумағына жасалған соққылардан кейін аймақтағы ахуал күрделене түсті. Әуе кеңістігінің уақытша жабылуына байланысты бірқатар рейстер кейінге шегеріліп, шетелде жүрген қазақстандықтар елге қайта алмай отыр.

Әлеуметтік желіде Дубайдың әр ауданынан жарылыс дауыстары естілгені туралы жазбалар тарады. Тұрғындардың айтуынша, кей жерлерде ғимараттар дірілдеген. Кейбір куәгерлер әуеде зымыран іздері байқалғанын хабарлаған.

«28 ақпанда ұшуымыз керек еді»

Дубайға саяхаттап барған Айгүл есімді қазақстандық турист Kursiv Media тілшісіне қазіргі жағдайын айтып берді. Оның сөзінше, олар 28 ақпан күні елге оралуы тиіс болған. Алайда дәл сол күні атыс басталып, рейс орындалмаған.

«Әуежайдағы жағдай күрделі болды. Бізді Air Astana бір тәулікке қонақүйге орналастырды. Кейін 3 наурызға дейін кішкентай ғана бөлмеге ауыстырды. Енді 3-і күні ұшамыз деп отыр», – дейді турист.

Оның айтуынша, жолаушылар арасында алаңдаушылық бар, бірақ жағдай тұрақталады деген үміт те жоқ емес.

Threads желісінде Дубайдың Теком ауданында тұратын қолданушылар былай деп жазды:

«Таңғы 9:00. Дубай. Теком ауданында екі рет қатты жарылыс дауысы естілді.
Бұл жолы ғимарат жарылыстан дірілдеп кетті. Бүгін енді ештеңе болмайды деп ойлаған едім. Бірақ көпшілігі айтқандай, бұл жағдай 4-іне дейін жалғасуы мүмкін»

Тағы бір жазбада:

«Сағат 09:00-де екі қатты жарылыс болды, терезелер мен есіктер қатты шайқалды.
12 сағаттан астам уақыт тыныш болған соң, әрі қарай да тыныш болады деп ойлаған едік».

Бұған дейін әнші Жазира Байырбек те Дубайдағы жарылыстар мен бомбаланған ғимараттар туралы бейнежазба жариялаған еді.

Осы жағдайға байланысты Kaspi.kz Таяу Шығыстағы ахуал салдарынан қиындыққа тап болған қазақстандықтарға арналған арнайы материалдық қолдау бағдарламасын іске қосқанын мәлімдеді.