
Елде зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға арналған мамандандырылған көмек кабинеттері ашылады. Ол жерде кәмелетке толмағандарға «бір терезе» қағидаты бойынша қолдау көрсетіледі.
Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, көмек кабинеттерінде алғашқы психологиялық көмек көрсетіледі, сот-медициналық сараптамадан өтуге болады.
Бұл «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заңда көрсетілген. Құжат 2 наурыздан бастап күшіне енді.
«Жақын арада кабинеттердің қызмет қағидалары бекітіліп, содан кейін өңірлерде оларды кезең-кезеңімен ашу жоспарланып отыр», – деп хабарлады министрлік.
Заң аясында зорлық-зомбылыққа, қатыгездікке, буллингке ұшыраған немесе оның куәсі болған кәмелетке толмағандарды анықтау және оларға көмек көрсету қағидалары әзірленген.
«Құжат осындай балаларды анықтау тәртібін, оларға көмек көрсету тетіктерін, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының, 111 байланыс орталығының, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл мен өңірлік уәкілдердің өзара іс-қимыл алгоритмдерін айқындайды», – деп хабарлады оқу-ағарту министрлігі.
Бұл бастама балаларға уақтылы кешенді көмек көрсетуге мүмкіндік береді деп жоспарланған.
Бұған дейін Батыс Қазақстан облысында шенеунік жасөспірімді зорлады деген күдікке ілінді.
Кентау қаласында 45 жастағы ер адам өгей қыздарын бес жыл бойы зорлаған деген күдікке ілінді. Ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.