Еркебұлан Тоқтар өзі құмар ойынға батып кеткенде, көмектескен бауырына пәтер сыйлады

Жарияланды 2 Наурыз 2026 11:09

Торғын Қабен

Торғын Қабен

фото: Еркебұлан Тоқтардың инстаграмынан

Белгілі актер әрі спортшы Еркебұлан Тоқтар туған бауырына тосынсый жасап, екі бөлмелі үйдің кілтін табыстады. Кезінде құмар ойындарына «батып» жүргенде аяққа тұрып кетуге көмектескен інісіне Еркебұлан осылайша алғысын білдіргісі келген.

 Ағайынды екі ұлдың арасы – үш жас. Еркебұлан інісі – Әділ-Ерге Алматы қаласындағы қымбат тұрғын үй кешендерінің бірінен екі бөлмелі үй алып берді. Айтуынша, осындай сыйлық беретін сәтті ол бақандай бес жыл асыға күткен. Қалтасындағы соңғы ақшасына дейін осы үйге салып, бауырын қуантқан актерге көпшілік сүйсініп жатыр.

Еркебұлан болса, осыдан бірнеше жыл бұрынғы кезді еске алып, інісінің берген қол көмегін атап өтті. Бұрын қарызға белшесінен батып, барлық жерден кредит пен микрозайм алып тастап, атына несие шықпай қалған кездер болған екен. Оның бұлай қарызға батуына құмар ойындары себеп болған. Солай қатты қиналған күні Еркебұлан інісіне барып, өз атынан кредит алып беруін сұраған. Тіпті қайтармайтынын біліп тұрса да, бауыры бір ауыз сөзге келместен ақша алып берген.

«Солай мен ініме барғанмын, осыдан 5 жыл бұрын. Микрокредит қатты қанымды ішкен еді. «Шоттарыңды жауып тастаймыз» деп, «сындырайын» деп тұр. Сонда бір 300 мың теңге болса 1-2 микрокредитімді жауып тастап, әрмен қарай басқаларын жабамын дегем. Ұялсам да ініме бардым. Барсам, «болды, бауырым» деп ойланбастан алып берді. Солай несиелерімді жауып, әйтеуір әрі қарай адам болып кеттім. Жекпе-жектерге шыға бастадым, қарыздарды жаптым. Сол кезде інім бермегенде, мен сынып кетер ме едім. Сондықтан өзім үшін інім Әділ-Ердің орны бөлек. Біріншіден, бауырым. Екіншіден, қайтара алмайтынымды біліп тұрса да көмектесті», – деп жазды ол.

Кезіндегі жақсылығы үшін Еркебұлан қолындағы бар ақшасын жинап, үй алып беруге ұйғарған. «Үйленгеніне 4 жыл болды, әке-шешеммен тұрады. 2 бала-шағасы бар, 3 жерде жұмыс істейді. Талпынып қанша еңбек етсе де, пәтер ала алмай жүрген. Бала-шағадан артылмайды. Содан үй алып, ішіне жиһаз, жөндеу бәрін жасап, кілтті беруге бара жатырмын», – деді Еркебұлан.

Мұндай тосынсыйға бауыры қуанғаны сонша, көзіне жас алды. Артынша өзінің instagram парақшасындағы stories-ке шығып, рахметін айтты. «Өте күшті тілектеріңізге рахмет. Бізбен бірге жылап алғандар бар екен. Қатты қуаныштымын. Үйге келіп алдық. Аллаға шүкір. Әуелі Алла, одан кейін Еркеге рахмет. Шынымды айтсам, осы мақсатқа жету үшін қаншама тахаджуд намаз оқыдым, қаншама дұға-тілек қылдық», – деп әсерін жеткізді Еркебұланның інісі Әділ-Ер.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Еркебұлан Тоқтардың Америкада оққа ұшуға сәл қалғаны туралы жазған едік. 

Сондай-ақ оқыңыз