
Мұнай бағасының 80 доллардан асуы қазақстандық нарыққа оң әсер етті. 2 наурыздағы сауда-саттықта «ҚазМұнайГаз» (ҚМГ) акциялары 11,7%-ға өсіп, 29 100 теңгеге жетті. Әзірше максималды баға – 29 600 теңге. Бұл -соңғы уақыттағы ең ірі секірістердің бірі. Дүйсенбідегі түскі саудада ҚМГ акцияларының сауда-саттық көлемі 675 мың доллардан асты.
Таяу Шығыстағы геосаяси жағдайдың күрт шиеленісуі – Иранның жоғарғы көшбасшысының қаза болуы және Ормуз бұғазындағы тасымалдың тоқтауы – әлемдік энергетика нарығына тікелей әсер етіп жатыр. Бүгін Brent маркалы мұнайдың фьючерстік бағасы 81 доллардан жоғары саудалануда.
Мұнай бағасының өсуі мен ҚМГ акцияларының қымбаттауына негізгі үш фактор әсер етіп тұр:
- Логистикалық дағдарыс: Ормуз бұғазы арқылы әлемдік мұнай сұранысының 20%-ы өтеді. Бұл жолдың жабылуы әлемде мұнай тапшылығы қаупін тудырады.
- ҚМГ үшін мүмкіндік: Әлемдік нарықта ұсыныс азайған кезде, Қазақстан сияқты баламалы бағыттармен мұнай тасымалдайтын компанияларға инвесторлардың қызығушылығы артады.
- Институционалдық сұраныс: Бірнеше сағаттың ішінде сауда көлемінің күрт артуы ірі инвесторлардың акцияларды белсенді сатып ала бастағанын көрсетеді.