Жаңалықтар

Кондиционер құлап қайтыс болған Ұлданаға мемориалдық тақта орнатылды

фото: Түркістан облысы әкімдігінен

Кондиционер құлап, қайтыс болған фельдшер Ұлдана Мырзуанның құрметіне ауылдастары жергілікті амбулатория сыртына мемориалдық тақта орнатты. Бұл жайлы Түркістан облысы әкімдігі хабарлады.

Игі шараны Жетісай ауданы, Ж.Ералиев ауылдық округіне қарасты Үтіртөбе елдімекенінің тұрғындары қолға алған. Олар Ұлдана туып өскен, балалық шағы өткен жерде фельдшердің есімі қалуы керек деп шешкен.

Сондай-ақ ауылдағы демалыс және спорт аймағына да Ұлдананың есімін берді.

Рәсімге ерте қаза болған фельдшердің анасы Сәлима Ишанқұлқызы, туған-туыстары, мұғалімдері, көршілері, аудандық әкімдік өкілдері мен медицина қызметкерлері келді. Олар Ұлдананың өз ісіне адалдығын, жауапкершілігі мен принципшілдігін ерекше атап өтті.

Еске салайық, Ұлдана Мырзуан Астанада науқастарға шұғыл көмек көрсету барысында ауыр жарақат алып, ауруханада көз жұмған еді.