Жаңалықтар

Нетаньяхудың кеңсесіне зымыран шабуылы жасалды деген хабар тарады

зымыран шабуылы
Фото Ilia Yefimovich / picture alliance via Getty Images

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың кеңсесіне зымыран шабуылы жасалды. Ислам революциясы сақшылары корпусы (ИРСК) осындай мәлімдеме жасады деп хабарлайды IRNA агенттігі.

Иран мемлекеттік агенттіктерінің мәліметінше, шабуыл жасау үшін орта қашықтықтағы баллистикалық зымырандар пайдаланылған. Нетаньяхудың кеңсесінен бөлек Израиль Әскери-Әуе күштерінің бас қолбасшысына да соққы жасалды деген дерек бар.

«Иранның зымыран соққыларының оныншы толқыны барысында негізгі назар үкіметтік кешенге бағытталды. Бұл шабуылдардың нәтижелері мен қосымша ақпарат кейінірек жарияланады», – делінген ИРСК хабарламасында.

Шабуыл жасалғаны рас па?

Израиль премьер-министрінің резиденциясына шабуыл жасалғаны туралы тек Иран тарапы ғана хабарлап отыр. Израиль бұған қатысты пікір білдірмеді. Бірақ елдің көп бөлігінде әуе дабылы жарияланды.

Риа Новости жазуынша, Иерусалимдегі дереккөз шабуыл жасалғанын жоққа шығарған.

Иран мен Израиль бір-бірін үшінші күн соққылап жатыр. 28 ақпанда Трамп Иранға шабуыл жасап, 48 шенеунік бір соққыдан мерт болғанын хабарлады.

Сол шабуылдан елді 37 жыл басқарған Аятолла Әли Хаменеи қайтыс болды, оның орнына Әлиреза Арафи келді.

АҚШ президентінің сөзінше, әскери операция бір айға созылуы мүмкін.