Астанада мектеп директоры мен есепшісі 600 млн теңге жымқырғаны үшін сотталды

Астанада мектеп директоры мен бас есепшіге қатысты үкім шықты. Сот оларды бюджет қаржысын аса ірі көлемде иемдену және қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану бойынша кінәлі деп таныды.
Тергеу материалдарына сәйкес, директор мен бас бухгалтер 2015 – 2024 жылдар аралығында мектепте жұмыс істемеген қызметкерлерді табельге енгізіп, шамамен 29 млн теңгені иемденген. Бұдан бөлек, 501 оқушыға заңсыз жеңілдік беріп, мектепке 183 млн теңге шығын келтірген.
Сондай-ақ «0» сыныптар ұйымдастырылып, ата-аналардан түскен 305 млн теңге есепке алынбаған. Жазғы лагерь қызметінен түскен 25 млн теңге және шетелдік мұғалімдердің жалақысын негізсіз көтеру арқылы 75 млн теңге де заңсыз жұмсалған.
Жалпы келтірілген залал көлемі жүздеген миллион теңгені құрады. Сот шешімімен директор 8 жылға, бас есепші 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Екеуінің де мүлкі тәркіленді. Бас есепшінің кәмелетке толмаған үш баласы болуына байланысты жазаны өтеу бір жылға кейінге қалдырылды.
Сот 588 млн теңге көлеміндегі азаматтық талапты қанағаттандырды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, жақында Түркістан облысында 49 мектептің қаржысын жымқырғандар сотталған еді.