
28 ақпан күні Иран тарапынан Біріккен Араб Әмірліктері аумағына жасалған соққылардан кейін рейстер тоқтады. Туристер елге қайта алмай қалды. Осыған байланысты Дубай билігі «қонақүйлерден туристерді шығарып жібермеңіздер» деген арнайы нұсқау берді.
Эмираттың Экономика және туризм департаменті қонақүйлерге ресми хат жолдаған. Құжатта рейс тоқтауына байланысты елден шыға алмай отырған туристерге тұру мерзімін ұзарту және бұрынғы брондау шарттарын сақтау ұсынылған.
Сонымен қатар көлік шектеулеріне байланысты елден шыға алмай отырған қонақтарды шығарып жіберуге жол бермеу керектігі ерекше атап көрсетілген. Ведомство қиын жағдайға тап болған туристерге барынша қолдау көрсетуді тапсырды.
Аймақтағы жағдайдың ушығуына байланысты ондаған рейс мүлде тоқтатылды. Дубай, Абу-Даби және Рас-эль-Хаймада жүрген жүздеген қазақстандық уақытында елге қайта алмай отыр.
Бұған дейін Дубайда қалған отандастарға тұру мәселесін өздері шешу ұсынылған еді. Қазір консул қонақүйлермен арнайы тарифтер бойынша келіссөз жүргізіп жатыр.
Абу-Даби мен Рас-эль-Хайма билігі шетелдік қонақтардың ұшып кеткенге дейінгі шығынын өз мойнына алуға дайын екенін мәлімдеді. Ал Дубай билігі қонақүйлерге бұрынғы шарттарды сақтап, туристерге қолдау көрсетуді тапсырды.
Бұған дейін Дубайдағы қазақстандықтардың жағдайы қандай екенін жазғанбыз. Әнші Жазира Байырбек Дубайдағы жарылыстар мен бомбаланған үйлер туралы бейнежазба жариялады.
Еске салсақ, АҚШ президенті Дональд Трамп Ирандағы операция бір айға созылуы мүмкін екенін мәлімдеді.