
Новороссийск портындағы «Шесхарис» мұнай құю терминалында болған өртке қарамастан, Қазақстан мұнайының өндірісі мен экспортына қауіп жоқ. Бұл туралы Энергетика министрлігі ресми мәлімдеді.
Ведомствоның хабарлауынша, қазіргі уақытта қолда бар ақпаратқа сәйкес, аталған терминалдағы оқыс оқиға қазақстандық мұнай өндіруші кәсіпорындардың өндірістік көрсеткіштеріне кері әсерін тигізбеген.
«Отандық мұнай өндіру және оны экспорттау қалыпты режимде жүзеге асырылуда. Қазақстан мұнайын жеткізуге пайдаланылатын экспорттық инфрақұрылымның жұмысында іркілістер мен бұзушылықтар тіркелген жоқ», – делінген хабарламада.
Энергетика министрлігі жағдайды бейінді ұйымдар және инфрақұрылым операторларымен бірлесіп тұрақты бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін Новороссийск портындағы ірі мұнай терминалында өрт шыққан еді. Терминал Қара теңіз арқылы мұнай экспорттауда маңызды нысандардың бірі саналады.