
ОПЕК+ ұйымының сегіз елі сәуірде мұнай өндірісін тәулігіне 206 мың баррельге дейін арттыруға келісті.
Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, БАӘ, Кувейт, Қазақстан, Алжир және Оман 1 наурызда онлайн кездесу өткізген.
«Сегіз мемлекет 2023 жылғы сәуірде жарияланған тәулігіне 1,65 млн баррель көлеміндегі қосымша ерікті түзетулерді кезең-кезеңімен қысқартуды қайта бастауға және өндірісті тәулігіне 206 мың баррельге түзетуге келісті. Бұл түзету 2026 жылғы сәуір айында күшінде болады. Тәулігіне 1,65 млн баррель көлемі нарық жағдайының өзгеруіне байланысты ішінара немесе толық әрі кезең-кезеңімен қайтарылуы мүмкін», – делінген ОПЕК+ ресми сайтында.
Сондай-ақ сегіз ел бұл шешім қатысушы мемлекеттерге өтемақы төлемдерін жеделдетуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Еске салсақ, 28 ақпанда таңертең АҚШ пен Израиль күштері Иранды атқылады. Осыдан кейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға соғыс жариялауын ресми мәлімдеді.
Израиль мен АҚШ күштерінің Иранға шабуылдарынан кем дегенде 201 адам қаза тапты.
Иран тарапы дәл сол күні Израиль мен араб елдеріндегі АҚШ-тың әскери базалары мен өзге де стратегиялық нысандарға соққы берді. Қазіргі таңда қос тараптың өзара шабуылдары әлі де жалғасып жатыр.
Таяу Шығыстағы соғыстан кейін Brent маркалы мұнай күрт қымбаттап кетті. Kursiv.Media соғыстың Қазақстан экономикасына қалай әсер ететіні жайлы сарапшылардың пікірін сұрап көрді.