
Батыс Қазақстан облысы Экология департаменті «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясына 2 млрд теңгеден астам айыппұл салды.
Айыппұлды жоспардан тыс экологиялық тексеру кезінде анықталған экологиялық жағдайға байланысты салған. Тексеру барысында 2024 жылы кәсіпорынның қоршаған ортаға ластаушы заттарды белгіленген нормадан артық шығарғаны және ағынды сулардың төгілуіне жол бергені белгілі болған.
Анықталған деректерге байланысты компания Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 328-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Нәтижесінде салынған айыппұлдың жалпы көлемі 2,07 миллиард теңгені құрады. Айыппұлды ерікті түрде төлеу мерзімі әлі күшінде.
Сонымен қатар, экология департаменті шамадан тыс шығарындылар мен төгінділердің туындау себептерін талдауды, сондай-ақ болашақта мұндай заңбұзушылықтардың алдын алу мақсатында кешенді шаралар әзірлеп, енгізуді міндеттеді.