Қазақстан СІМ: бейбіт тұрғындар жанжал кезінде қорғалуы тиіс

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев Таяу Шығыстағы жағдай бойынша мәлімдеме жасады.
Ол Қазақстан Иран халқына бейбіт тұрғындар, олардың арасында балалар, сондай-ақ, соңғы қайғылы оқиғалардың нәтижесінде еліміздің жоғары басшылығының өкілдері қайтыс болғаннан кейін көңіл айтатынын атап өтті.
Сонымен қатар Қазақстан Иранға қарсы соғысқа қатыспайтын, онымен достық әрі жан-жақты ынтымақтастықты дамытып келе жатқан араб мемлекеттерінің азаматтық нысандарына жасалған соққыларға алаңдаушылық білдірді.
«Халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын сақтау қарулы қақтығыстар кезінде азаматтық нысандар мен бейбіт халықты ерекше қорғауды талап етеді. Қазақстан Халықаралық гуманитарлық құқыққа саяси бейілділікті күшейту жөніндегі жаһандық бастаманы ұсынушылардың бірі ретінде қарулы қақтығыстар жағдайында адамгершілікті сақтаудың маңыздылығын атап өтеді», – деді Ерлан Жетібаев.
Ол, сондай-ақ, кез келген халықаралық даулар халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысын толық сақтай отырып, тек дипломатиялық тәсілдермен шешілуі тиіс екенін еске салды.
Құжатта атап өтілгендей, Қазақстан жанжалдың барлық тараптарын аймақтағы зорлық-зомбылықтың одан әрі өршуіне жол бермеу үшін барынша ұстамдылық пен жауапкершілік танытуға шақырады.
2026 жылдың 28 ақпанында Израиль мен АҚШ Иранға соққы жасады. Сол күні Иран Израильдегі және араб елдеріндегі АҚШ әскери базаларына және басқа да нысандарға қарсы шабуыл жасады. Өзара шабуылдар жалғасуда.
Иранды 37 жыл басқарған Аятолла Әли Хаменеи 1 наурызда АҚШ-Израиль шабуылынан қайтыс болды. Оның көзін жою операциясы қалай жүргенін мына жерден оқи аласыздар.