Таяу Шығыстағы соғыс салдарынан Еуропада газ бағасы 28%-ға қымбаттады

Жарияланды
газ
Таяу Шығыстағы соғыс салдарынан Еуропада газ бағасы 28%-ға қымбаттады / gov.kz бильд-редактор: Серікжан Қобыланбаев

Таяу Шығыстағы әскери іс-қимылдар әлемдік энергия тасымалдары жеткізілімінде қиындықтару туындауы мүмкін деген алаңдаушылық туғызып отыр. Осының салдарынан Еуропада табиғи газ бағасы күрт өсті. Трейдерлер Ормұз бұғазы арқылы кеме қатынасының қанша уақытқа тоқтатылатынын мұқият бақылауда, деп хабарлайды Bloomberg. 

Таңғы саудада көгілдір отынның эталондық фьючерстерінің құны 28%-ға дейін өсті. Бұл 2023 жылдың тамыз айынан бергі ең жоғары динамика болды. Демалыс күндері танкерлердің басым бөлігі осы бағыт арқылы логистиканы тоқтатты. Ормұз бұғазы – әлемдік сұйытылған табиғи газ экспортының шамамен бестен бірі тасымалданатын маңызды бағыт. Таяу Шығыстағы шиеленістен соң жаһандық мұнай және газ бағасы да айтарлықтай құбыла түскені де сондықтан.

Bloomberg сарапшыларының пайымынша, бұл жағдай Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейінгі төрт жыл ішінде газ нарықтарындағы ең ірі өзгеріс болуы мүмкін. Ол кезде жаһандық энергия саудасы түбегейлі өзгерген еді. Таяу Шығыстан жеткізілетін газдың негізгі бөлігін Азия елдері сатып алғанымен, кез келген шиеленіс баламалы жеткізу көздері үшін бәсекені күшейтіп, бүкіл әлемде, соның ішінде Еуропада да бағаның өсуіне әкеледі.

Бұл күндері әсіресе Еуропаның жайы мәз емес. Құрлықта қыс маусымы аяқталып, газ тұтыну азайғанымен, қор деңгейі төмен. Келесі жылыту маусымына дейін қоймаларды толтыру үшін өңірге газ импорттау қажет. Wood Mackenzie Ltd компаниясының Еуропа бойынша сұйытылған газ жөніндегі директоры Том Марцек-Мансердің айтуынша, трейдерлер үшін келесі негізгі мәселе – бұғаздың қанша уақыт жабық болатыны.

«Қалпына келтіру неғұрлым ұзаққа созылса, баға соғұрлым жоғары болады», – деді құзырлы орган басшысы.

АҚШ президенті Дональд Трамп The New York Times газетіне берген сұхбатында Иранды бомбалауды алдағы төрт-бес апта бойы жалғастыруға ниетті екенін мәлімдеді.

Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, бейсенбіден бастап әлемдегі ең ірі теңіз сақтандыру компанияларының жартысынан астамы Парсы шығанағына кіретін кемелер үшін соғыс тәуекелдерін сақтандыруды тоқтатады. Сақтандырудың болмауы Парсы шығанағында жүк тиеуді жоспарлаған компаниялардың тәуекелге бару ықтималдығын төмендетуі мүмкін.

Goldman Sachs Group Inc. болжамынша, Ормұз бұғазы арқылы жеткізілімдердің бір айға тоқтауы Еуропада газ бағасының екі еседен астам өсуіне әкелуі мүмкін. Бұл өткен айда салыстырмалы түрде жайлы ауа райы мен жеткілікті ұсыныс аясында эталондық фьючерстер 19%-ға төмендегеннен кейінгі нарық үшін үлкен соққы болмақ.

Брюссельдегі Bruegel сараптама орталығының талдаушысы Симоне Тальяпьетраның айтуынша, бұл жағдай алдағы айларда энергия қорларын толықтыру операцияларын қиындатып, өнеркәсіптік энергия бағасына қосымша қысым жасауы мүмкін.

Еске сала кетсек, қақтығыс 28 ақпан АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған шабуылынан кейін ушыға түсті. Жауап ретінде Тегеран АҚШ әскери базалары орналасқан бірқатар елдерге соққы жасады. Катар мен Біріккен Араб Әмірліктерінде жүк тиеуі тиіс сұйытылған газ танкерлері бағыттарын өзгертіп немесе кешіктіріп жатыр. Сондай-ақ Катар әлемдегі ең ірі газ экспорттау зауытында жұмыс істейтін персонал санын уақытша қысқартты.

BloombergNEF деректеріне сәйкес, Таяу Шығыстағы газ саудасындағы қиындықтар Түркия тарапынан көгілдір отынға деген споттық сұранысты арттыруы мүмкін, себебі ел Ираннан құбыр арқылы газ импорттайды.

Иран Ормұз бұғазын жабу ниеті жоқ екенін мәлімдегенімен, сенбі күні қақтығыс басталғаннан кейін кемелер бұл бағыттан бірден қашқақтай бастады. Катар барлық теңіз қатынасын уақытша тоқтататынын жариялады.

Global Risk Management компаниясының бас талдаушысы Арне Ломанн Расмуссеннің айтуынша, Еуропадағы нақты газ бағасы мұнай нарығына қарағанда Ормұз бұғазының жабылу қаупіне әлдеқайда сезімтал. Жеткізілімдердің тоқтауы бірден нарыққа әсер етеді. 

Сондай-ақ оқыңыз