
Ақпан айында ұлттық валюта бағамы 1 АҚШ доллары үшін 497,69 теңгеге дейін нығайып, 0,7% өскен. Бұл туралы Ұлттық банк хабарлады.
Қазақстан қор биржасындағы (KASE) валюталық операциялардың белсенділігі арта түсті. Орташа күндік сауда-саттық көлемі өткен айдағы 306 млн доллардан 335 млн АҚШ долларына дейін ұлғайды. Ақпан айындағы жиынтық сауда көлемі 6,7 млрд АҚШ долларын құрады.
Ұлттық қордан жасалған трансферттер
Республикалық бюджетке трансферт бөлу үшін Ұлттық қордан 400 млн АҚШ доллары мөлшерінде валюта сатылды. Бұл жоспарлы 450 млн доллардан кем. Бұл көрсеткіш жалпы сауда-саттық көлемінің 6%-ын құрап, күнделікті сату көлемі 20 млн доллардан асқан жоқ.
Наурыз айына арналған болжам бойынша, Үкіметтің фискалдық түсімдерге қатысты өтінімдеріне сәйкес, Ұлттық қордан 400 млн-нан 500 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сату жоспарланып отыр.
Валюта операциялары және «айналау» тетігі
Ақпан айында «айналау» операциялары аясында 350 млрд теңге алынды. Ұлттық Банк бұл операцияларды жүргізу кезінде нарықтық бейтараптық қағидатын ұстанып, валютаны біркелкі сатуды жалғастырады.
Сонымен қатар квазимемлекеттік компаниялардың валюталық түсімді міндетті сату нормасы аясында нарыққа 284 млн АҚШ доллары бағытталды.
Зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліндегі валюта үлесі 40%-дан асуына байланысты, ақпанда доллар сатып алу жүргізілген жоқ және наурыз айына да мұндай жоспар қарастырылмаған.
Ұлттық Банк ашықтық қағидатын сақтай отырып, алдағы уақытта теңге бағамының динамикасы нарық қатысушыларының күтулері, тоқсандық салық төлемдері, әлемдік нарық конъюнктурасына және геосаяси жағдайларға байланысты болатынын мәлімдеді.